912

Қазақстандықтардың 44%-ы латын әріптерін оқи алмайтын болып шықты

Әлеуметтік сауалнама нәтижесі.
Фотография - Қазақстандықтардың 44%-ы латын әріптерін оқи алмайтын болып шықты Сурет: inform.kz

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел-мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында 2017 жылы 17-21 сәуір аралығында латын әліпбиіне байланысты әлеуметтік сауалнама жүргізді, деп хабарлайды Today.kz сайтының қазақ бөлімі Қамшыға сілтеме жасап. 

Сауалнамаға Астана, Алматы қалалары мен 14 облыс орталығынан 18 жастан асқан 1829 адам қатысты. Әйелдер – 71%, ер азаматтар – 29%. Іріктеу ықтималдығы 90%, сондықтан статистикалық көрсеткіш қателігінің шекті мөлшері 1,33%-дан аспайды.  Сауалнама әдісі – телефон арқылы жүргізілген сұхбат және онлайн-сауалнама.

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел-мониторинг жүргізу бюросының кезекті сауалнама қорытындысына сәйкес,  қазақстандықтардың 52%-ы қазақ тілінде сөйлей алады, 44%-ы латын әліпбиімен таныс  емес. Латын әліпбиін меңгермегендердің көпшілігі (46%)  – 40 жаста немесе 40-тан асқандар.  Жастар арасында бұл көрсеткіш азырақ. Олардың  24%-ы латын әліпбиін білмейді, 43%-ы түсінеді, бірақ латын әліпбиіне негізделген бірде-бір шет тілін меңгермеген.

Халықтың жартысы (54%) мұндай өзгерістер енгізудің қажеті жоқ дейді.  Бұл жауапты таңдағандардың 60%-ы – 18-29 аралығындағы жастар. Латын әліпбиіне көшудің  маңызын түсінген, бірақ дәл қазіргі дағдарыс уақытында бұл өте көп шығын қажет етеді дегендер – 30%. «Бұл – өзекті мәселе, қазақ әліпбиін латынға көшіру керек» деп бірауыздан қолдау білдірген қазақстандықтардың басым бөлігі – ересектер. 50-59 жас  аралығындағы респонденттердің 21%-ы 70 және одан үлкен жастағы қатысушылардың 30%-ы бұл пікірмен келіседі.