683

Аязды адамгершілікпен жеңгендер қандай марапат алуы тиіс

Қазақстанның барлық өңірінде болған аяз азаматтардың адамгершілігін анықтаған табиғи фактор болды.
Фотография - Аязды адамгершілікпен жеңгендер қандай марапат алуы тиіс Сурет: ustinka.kz

Қақаған аяз азаматтардың адамгершілігі мен қамқорлығын таразыға тартқан секілді. Today.kz қыстың қаһармандарын тізбектеп көрді. 

Минус елуден төмен ауа-райында астаналықтар бір-біріне көмектесіп амал қылса да, еріктілерді әкімдік әлі марапаттаған жоқ. Мүмкін, астаналықтар үшін боран әлі бітпеген шығар. Бірақ өскемендіктер "марапат мерейді өсіреді" деп аязда адамдарға аяушылықпен қараған тұрғындарға алғыс хат пен гүл шоғын табыстады. 

Қала әкімі Қуат Тұмабаев аязда қала тұрғындарын үйіне көлігімен жеткізіп тастаған азаматтарға алғыс білдірді.

"Қыстың қытымыр аязы дінге, ұлтқа, тілге қарамай жанымыз бір екенін дәлелдеді. Қала әкімшілігі 10 аялдамаға жылытқыш орнатты, жастар тоңған тұрғындарға ыстық шай берді, еріктілер бауырсақ таратты", - дейді қала әкімі.

Қуат Тұмабаев аялдамада тоңып қалған тұрғындарды үйлеріне жеткізген 10 жүргізуші мен аязды күні далаға шыққан тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, үйіне дейін жеткізген жол полициясының 12 инспекторының әрекетін ерекше атап өтті. 

Алғыс хат пен гүл шоғына ие болған тұрғындар қатарында көлік жүргізушілері, полицейлер, түрлі ұйым басшылары мен алуан түрлі мамандық иелері бар. 

Фото -

Елімізде әлі де аяз болады деген хабар көптің еңсесін түсіріп жібермесе де жаңалыққа қуанғандар аз шығар. Алайда адамдық қиындықпен сыналады. 

Алматыда ақпанның бір-екі күні салқын болады дегенге еріктілердің басын бір-ақ біріктіріп, алғыс білдереміз деп отыр ма, әлде Астанадан "аттап кете алмай" ыңғайлы уақыттың келгенін күтіп отыр ма екен?

Қатты аяз болған өңірлердің қатарында Қарағанды мен Павлодар да бар. Бірақ бұл өңір де қыстың қаһармандарына алғыс білдірген жоқ. Әлде қарағандылықтар аязда жылыну үшін әр тұрғыннан 50 теңге алған ұйым басшысын қалай марапаттарын білмей дал болып отыр ма екен?

Жалпы, мұндай жақсылықты адамдардың сіз бен бізден алғыс естіп, бір жапырақ қағаз алу үшін істемейтінін жақсы білеміз. Бірақ бір ғана тұрғынның берекелі ісі бүкіл елге үлгі болуы әбден мүмкін. 

Загрузка...