4633

Қарағандылық бірнеше азамат отандық "Тар заман" фильміне 280 билет сатып алған

Қарағандыда отандық "Тар заман" фильмінің көрсетілімі 2 күнге ұзартылды.
Фотография - Қарағандылық бірнеше азамат отандық "Тар заман" фильміне 280 билет сатып алған Сурет: facebook.com/Rahat T. Ahmet

Қарағандыда отандық "Тар заман" фильмінің кинотеатрдағы көрсетілімі 2 күнге ұзартылды. Себебі, қарағандылық бірнеше азамат бірігіп отандық фильмнің 280 билеттін сатып алып, мектептердегі жоғары сынып оқушыларына таратты, деп хабарлайды Today.kz.

Қарағандыдағы "Argumentum.kz" білім беру орталығының директоры Рахат Ахмет "Тар заман" фильмін тамашалауға барғанда залда өзі жалғыз отырған. Фильмді тамашалайтын өзге азаматтар болмаған. Қазақстанның тарихын толғайтын туындыға көрерменнің жиналмауы Рахат Тұрарұлын қынжылтқан көрінеді. Артынша кейіпкеріміз бірнеше жолдасымен бірігіп, фильмнің 2 күндік билетін сатып алған.


"Фильмге адам аз келетін болған соң, көрсетілімі аяқталған негізі. Біз кинотеатр басшыларымен келісіп, 2 күнге кинотеатрды жалға алдық. Алғашында фильмнің уақыты келушілерге ыңғайсыз болған. Сосын уақытын да өзгерттік. 140 орыннан 2 күндік билетті сатып алып, мектеп оқушыларына, оның ішінде жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдерге билеттерді таратып бердік", – дейді Рахат Ахмет.

"Тар заман" фильмі телесериалдың ықшамдалған түрі. Мұндай форматтағы фильм еліміздегі кинотеатрларға алғаш шығып жатыр. Шет елдік туындылардың жанында тарихи фильмдердің тасада қалып қоятыны жасырын емес. Алайда, Рахат Ахмет отандық фильмді кассалық фильм ететін өзіміз деп есептейді.


"Егер қаласаң барлық нәрсені істеуге болады. Біздің осы ісімізден кейін көп жас фильмді тамашалауға барды. Тіпті, кинотеатр қызметкерлері таң қалып жатыр. Жастарға ұнап жатыр. Фильм өте күшті, ұнады. Актерлердің рөлдерін сомдауы өте күшті, керемет. Бірақ, кемшіліктері де бар. Мысалы, шет елдік фильмдерде кейіпкер темекі шегетін болса, темекіні бұлыңғыр етіп тастайды. Бұл фильмдегі кейіпкерлер темекіні бұрқыратып шегіп отыр. Жасөспірімдер көретін болғандықтан, оларға темекінің жарнамасын жасағандай боламыз. Түрлі пікірлер туындады. Кейбір таныстарым "фильмді көрмей тұрып, ізденіп, тарихты біліп келу керек екен" деп жатыр. Қайта бұл фильм тарихқа деген қызығушылықты оятады да, әрі қарай адам немесе бала өзі ізденіп, оқуы керек. Оның үстіне қазір кітапқа ешкім үңілмейді. Фильм арқылы біз бәрін көрсетуіміз керек", – дейді Рахат Тұрарұлы.

Сонымен қоса, Рахат Ахмет қоғамдағы "қазақтар түсірген фильм үнемі нашар" деген көзқарасты жою керек деген ұстанымда. Өйткені, "Тар заман" расымен жақсы туынды.

Естеріңізге сала кетейік, "Qazaqstan" ұлттық арнасының бастамасымен "Тар заман" телесериалы таспаланып, 22 ақпаннан бастап сериалдың ықшамдалған үлгісі еліміздің барлық кинотеатрында көрсетілімге шыққан еді.