1294

Қарағандылық кәсіпкер қала көшелеріне қазақ жазушыларының портреттерін ілді

Кәсіпкер осылай тұрғындардың классикалық әдебиет пен тарихқа қызығушылығын оятпақ болған.
Фотография - Қарағандылық кәсіпкер қала көшелеріне қазақ жазушыларының портреттерін ілді Сурет: today.kz

Қарағандылық кәсіпкер қаладағы жарнама билбордтарының орнына Абай Құнанбайұлы мен Шоқан Уәлихановтың портреттерін ілген, деп хабарлайды Today.kz.

Қарағандылық Асқар Қарашолақов осылай тұрғындардың классикалық қазақ әдебиеті мен тарихына қызығушылығын оятпақ болған. Идея авторы бұл азаматтарды тәрбиелеу құралы боларына сенімді. 

Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, билбордтардан авторлардың өлеңдерін де оқуға болады. Бір билбордты жалға алу шамамен 35 000 теңге тұрады. 

Фото -

"Саяхатқа шыққанда өзге елдердің осындай жарнамаларды қалай қолданатынына назар аударамын. Көп жағдайда жарнаманың балаларға арналған әткеншектер, шамдар мен қоқыс жәшіктерінде орналасқаны ұнайды. Мысалы, мұндай жарнамаларды Қытайдың кейбір қалаларынан көруге болады", – дейді кәсіпкер.

Болашақта қала көшелеріне Гете мен Лермонтовтың суреттері ілінуі мүмкін. 

"Бұл – тәрбиелеу құралы. Көшеде өтіп бара жатып "Суреттегі ағай кім?" деп балалар сұрауы мүмкін. Сонда ата-аналар Абайдың кім екенін, оның шығармашылығын айтып бере алады. Осыдан кейін балалардың тарих пен әдебиетке қызығушылығы оянады", – дейді Асқар Қарашолақов.

Кәсіпкер алдағы уақытта қоқыс жәшігі, балалар әткеншегі сынды пайдалы жерлерге жарнама орналастыруды жоспарлап жүр.