2888

Раушан немесе қызғалдақ – әйелдерге қандай гүл сыйлау керек

Ең көп гүл сыйланатын мереке – 8 наурыз десек жаңсақтық емес. Бірақ әр гүлдің өз орны, сыйлау ережесі бар.
Фотография - Раушан немесе қызғалдақ – әйелдерге қандай гүл сыйлау керек Сурет: ©Ирис Мамбур

Жыл он екі айда ең көп гүл шоғы сыйланатын мереке – 8 наурыз екені даусыз. Осы күні көшедегі әр азамат өміріндегі ерекше әйелге гүл шоғын құшақтап бара жатса, әр әйел үйіне құшақ толы гүлмен оралады. Алайда гүлді асқан талғаммен таңдап, сыйлау керек. Тіпті, гүл адамның қоғамдағы орнына, тұрмыс жағдайына сай таңдалады. Today.kz кімге қандай гүл сыйлау керек екенін анықтап көрді.

Гүл – мерекенің негізгі нышаны. Мерекелік көңіл-күйді сездіретін де, үй мен кеңсеге өзгеше атмосфера әкелетін де сол. Гүлді барлық адамға сыйлауға болады. Бірақ адамның барлық жағдайын толық зерделеп, тұлғаға сай гүлді ұсынсаңыз "көңілінен шықты ма екен" деп бас қатырмасаңыз да болады.

Әлемде "гүлдер тілі" деген ұғым бар. Сіз сыйлаған гүліңіз арқылы сөзсіз ойыңызды жеткізе аласыз.

Мысалы, тұрмыс құрмаған қыздарға толық бүр жармаған гүл сыйлаған абзал. Жалғыз дана раушан гүлін адамдар сүйіктісіне ғана сыйлайды. Алайда, 1 дана гүлді мереке күндері сыйлау сүйіктіңіздің көңілін көтере қоймауы мүмкін. Жігіттер бұл мәселенің шешімін тапқан. Қыздың жігіт үшін әлемде жалғыз екенін гүл арқылы білдіру үшін серілер қызыл раушан гүлдерінің арасына 1 дана ақ раушан қосады.

Фото -

Айтпақшы, әлі бүр жармаған ақ раушанды "Мен сізді жақсы көремін, бірақ сіз тым жассыз" деген ойды жеткізерде сыйлайды екен.

Ақ розаны әдетте үйлену тойларына сыйлайды. Алайда әйелдер күнінде ақ раушан гүлін анаңызға, әжеңізге, ұстазыңызға немесе жеңгеңізге сыйлауға болады. Өйткені, ақ раушан сыйластық пен құрметтің белгісі.

Қызыл раушан – ежелден махаббаттың нышаны. Тек қана үйленуге ұсыныс білдірерде емес, әр наурызда сүйіктіңізге қызыл раушан гүлін сыйлауға болады.

Фото -

Ал сары, ашық қызғылт раушанды әпкеңіз, қарындасыңыз бен құрбыларыңызға сыйлауға болады.

Ең көп ұсынылатын гүл – раушан. Көптің бірі болмай, ерекшеленгіңіз келсе раушаннан да өзге гүлдің түрі көп. 

Пиондар (пионы) – нағыз наурыздағы мерекелерге арналған гүл. Өйткені раушанды жылдың барлық мезгілінде таба алсаңыз, пионды көктемнен өзге мезгілде табу қиын. Әрі пион тек қана әйелдерге арналған гүл.

Пионды сыйлаудың да өз ережесі бар. Қою қызыл немесе қызыл түсті пиондарды жасы егде әйелдерге, әжеңізге, ұстазыңызға немесе анаңызға сыйласаңыз болады. Ал ашық қызғылт немесе крем түсті пионды өзіңіз қатты құрметтейтін құрбыларыңызға немесе әпкеңіз бен қарындасыңызға сыйласаңыз болады. Ақ пион сөзсіз сүйіктілерге ғана тарту етіледі.

Фото -

8 наурызды қызғалдақтарсыз (тюльпан) елестету мүмкін емес. Қызғалдақ бұрыннан бақыт, махаббат пен өркендеудің белгісі. Қызғалдақтың саны да көп нәрседен хабар береді. Мысалы, 1 дана қызғалдақ ғашық адамына сыйланады. 3 дана қызғалдақты барлық адамға ешқандай себепсіз сыйлауға болады. 5 дана қызғалдақты анаңызға, әжеңізге, әпкенің бен қарындасыңызға сыйлауға болады. 7 данадан тұратын қызғалдақты өлердей ғашық адамыңызға ғана сыйлағаныңыз дұрыс. Сондай-ақ сүйіктіңізге ақ немесе қызыл қызғалдақты ұсынғаныңыз абзал.

Фото -