1414

Алматылықтар Кемероводағы балаларды еске алып алма ағаштарын отырғызды

Игі істің бастамашысы "Alma qala" ұйымы болды.
Фотография - Алматылықтар Кемероводағы балаларды еске алып алма ағаштарын отырғызды Сурет: today.kz

Алматылықтар Кемероводағы сауда үйінен шыққан өрттен қаза болған балаларды еске алып, алма ағашы мен терек отырғызды, деп хабарлайды Today.kz.

Игі істің бастамашысы "Alma qala" ұйымы болды. "Alma qala" оcсымен бесінші жыл қатарынан әр көктемде ағаш отырғызып келеді.

Фото -

"Біз қазір Сиверс алмасының тұқымын егіп жатырмыз. Сиверс алмасы – әлемдегі ең бірінші алма. Ол Қазақстанда өседі. Британдық-америкалық ғалымдардың өзі осы сиверс алмасынан әлемдегі барлық алма түрлері тарағанын дәлелдеді. Біз биылғы бесінше рет ағаш отырғызуымызды Кемеровода  қаза болған балалар мен құрбандарға арнап отырмыз. Өйткені, бұл қайғы барлығымызға ортақ. Бөтен бала болмайды. Балалар үшін күміс түсті теректерді егіп жатырмыз. Мұндай теректің түрі өте мықты болып келеді. Осылайша біз көрші елдің қайғысына ортақ екенімізді, бірге екенімді жеткізгіміз келеді", – деді ұйымдастырушылардың бірі Гүлжан Нұроталова.

Фото -

"Alma qala-лықтар" мен Алматы қаласының тұрғындары алма ағашы мен теректерді қосқанда 80 ағаш отырғызды. Бұл жоба Наурыз мейрамымен де тұспа-тұс келді.

"Мұнда жастар мен балалар көп. Біз ең алдымен жастарды ағаш отырғызуға тәрбиелегіміз келеді. Ал баланы тәрбиелеу үшін алдымен сол нәрсені өзің істеуің керек. Біз тек қана балалардың емес, Алматылықтар мен Қазақстандықтардың да ағаш отырғызуға деген сүйіспеншілігін арттырғымыз келеді. Кім көп ағаш отырғызса, сол аз ағаш кеседі", – деді Алматы қаласы мәслихатының депутаты Ерлан Стамбеков.

Фото -

Ағаш отырғызуға қала тұрғындары мен ерікті жастар қатысты. Сондай еріктілердің бірі – Чейз Ригель. Америкалық студент қазір әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде білім алып жатыр. Ол тек білім алып қоймай, қоғамдық істерге де белсене ат салысады екен.

"Кейбір адамдарға мұндай іс тым асыра сілтеу болып көрінуі мүмкін. Бірақ кем дегенде адам физикалық жұмыс істеуі керек қой. Біз осы әлемде өмір сүріп жатқан соң, оны қорғауымыз керек. Кемероводағы болған оқиға өте қорқынышты. Тіпті, сөзім жоқ. Сенгім келмейді. Бұл оқиғадан кейін адамдар қауіпсіздікке көбірек мән береді деп сенемін", – деді Чейз Ригель.

Фото -

Фото -

Фото -

Естеріңізге сала кетейік, 25 наурыз күні Кемеровода "Зимняя вишня" сауда үйі өртеніп, 64 адам қаза болған еді. Қайғылы оқиғадан балалар көп жапа шекті.