3031

Мәскеудің білім грантынан бас тартқан Есет Сейдешов круизге қалай шықты

Студент Есет Сейдешов Мәскеудегі Губкин университеттің грантынан бас тартып қалай 1 ай Атлант мұхитын желкенді кемемен аралады?
Фотография - Мәскеудің білім грантынан бас тартқан Есет Сейдешов круизге қалай шықты Сурет: Есет Сейдешовтың жеке мұрағатынан

Білім жолы – тәкаппар жол. Бұл жолда оза шапсаң да, шоқ боп қалсаң да жарасады. Білім бәсекесінде басын бәйгеге тігіп, небір адам сенгісіз шешім қабылдаған талапкерлер жетерлік. Әрі сол талапкерлердің басынан өткізген оқиғасы тіптен қызық. Есет Сейдешов – оқуда озат болып, бірнеше жоғары оқу орнынан шақырту алған студент. Оған Мәскеудегі Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті 3 мамандыққа грант берген. Алайда Есет Орынбасарұлы кез келген талапкердің бағына бұйыра бермейтін осындай мүмкіндікті Мәскеуге қалдырып, жоғары білім алу үшін Алматыға келді. Неге? Барлығымызда алғашында осы сауал болды. Today.kz бұл сауалмен қоса, бірінші курс студентінің Атлант мұхитына қалай 1 ай круизге шыққанын сұрап, білді.

Фото -

– Есет, қайырлы күн. Маңызды әрі нақты сұрақтан бастайын. Неге Мәскеуді таңдамадыңыз? Неге Губкин университетінің грантын алмадыңыз?

– Бәрі де қызық болды. Мәскеудегі ірі Губкин атындағы университет "мұнай барлау", "мұнай өңдеу", "тау-кен өндірісі" мамандықтарына грант берді. Мен геологияны қарастырдым. Самарадағы Ұлттық университетке құжат тапсырып, бағымды сынап көрдім. Оған да оқуға түсіп тұрдым. Сосын Алматыда бір университет оқуға шақырды. Негізі Алматыға сол үшін келген едім. Алайда жанымдағы жолдастарым Қазақ-Британ техникалық университетіне құжат тапсырып жүрді. Кезінде бұл университеттің ғимараты  мемлекет үйі болған соң ғимаратты көрейінші деп университетке келдім. Содан кейін осындағы мұнай мен газ мамандығына тапсырып, бағымды сынап көрейін деген ой келді. Бірақ Қазақстан теңіз академиясын көрдім де, менің жаныма сол жақын екенін сездім. Мұғалімдерімен сөйлесіп, қандай емтихан тапсыру керек екенін біліп алдым. Математика мен ағылшын тілінен емтихан тапсыру керек болды. Назарбаев зияткерлік мектебінде оқыған бағдарламамыздың барлығы емтиханда келді. Сол арқылы математикадан емтиханды жақсы тапсырып шықтым. Ал ағылшын пәні бойынша 11-12 сыныпта тапсырған IELTS емтиханының ұпайын есептеді. Мұнда да грантқа түсіп кеттім. Мәскеуге өзге ел болған соң барғым келген жоқ. Қазақстаннан 25 бала оқуға тапсыруға бардық, соның ішінде жетеуіміз ғана оқуға қабылданған едік. Мәскеу өте дамып кеткен қала. Не дегенмен КСРО кезінде 15 мемлекеттің салған астанасы ғой. Мәскеудің әлдеқайда алдыға шығып кеткенін байқадым. Алғашында "осында қаламын, оқимын, сосын жаңалықтың бәрін Қазақстанға әкелемін" деп ойладым. Мұндай жақсыға үйреніп қалған соң, кейін елге қайту қиын болар деп ойладым. Қазақстанда оқуға бел байладым. Негізі мен геолог болғым келеді. Мұнай ісіне араласқым келеді. Қазіргі Қазақстан Теңіз академиясында білім алғаннан кейін, Мәскеуге барып, "теңіз бұрғылау" мамандығын оқығым келеді. Қазіргі кезде ол сұранысқа ие мамандық және болашақта "Қашаған" жобасынан өзіме орын табамын деп ойлаймын. Каспийдің жағасында өскен соң өзімді теңізге тартады.

Фото -

– Қазақ-Британ техникалық университетінде білім алу оңай ма?

– Егер ағылшын тілін білмесе, қиын. Себебі сабақтың барлығы ағылшынша өтеді. Университеттегі алғашқы курс біздің мектептегі 12-сыныптың бағдарламасы болды. Сондықтан аса қиын болған жоқ. Тез түсініп кеттік. Қазақстан Теңіз академиясында бізге теңіз ережелері мен кеме туралы жалпы білім берді. Одан кейін негізгі пәндерді оқыдық. Теңіз механикі мен кеме жүргізу пәніне кіріспе өттік. Бір айдан кейін құжаттарымыз дайын болған соң Голландияға кеттік. Ол жерде де 1 аптадай білім алдық. Сосын Испанияда Гранд Канария аралында желкенді кемеміз күтіп тұрды. 1 ай бойы Атлант мұхитында жүздік. Оқыған дүниемізді тәжірибемен ұштастырдық. Мынадай тәжірибеден өткізетін біздің оқу орнымыздан басқа университет жоқ.

Фото -

Фото -

– Круиз туралы өзіңізден толығырақ сұрағымыз келіп отыр. Қанша адам болып сапарға шықтыңыздар, қалай болды?

– Біздің топта оқитын 22 студент пен оқытушыларымыз болды. Басында өте қызық болды. Себебі топ болып біз сол сәтті 6 ай күттік. Испанияға ұшып барып, кемені көрген кезде де сене алмадық. Сол күні Гранд Канария аралын айналып жүрдік. Келесі күні түстеніп болып, кемені толықтай түсіндірген соң, түстен кейін жолға шықтық. Алғашында кеме сағатына 7-8 шақырым жылдамдықпен жүріп отырды. Желкенді кеме болған соң жай жүздік. Ашық суға шыққан соң "теңіз ауруы" деген  болады екен. Ол жалпы суға шыққан адамның 93 пайызында кездесетін көрінеді. Ол ешқандай қорқыныш емес, көзің, басың орнында, тек асқазаның шайқалып тұрады. Содан тәбетің қашады, жүрегің айниды. Алғашқы күндері осындай қиындыққа тап болдық. Бірақ ұстаздарымыз бен экипаж мүшелері оны ойлай бермей, бар назарымызды жұмысқа аудару керек екенін айтты. Біз 22 бала болып барғандықтан 3 топқа бөліндік. Әр топ өзіне тиесілі уақытта қарауылға шықты. Мысалы біз таңғы төрттен сегізге дейін қарауылда болдық. Кейде желкенді көтеріп, түсу керек болса, көмектесесің, қалған уақытта боссың. Үлкен мұхиттың ортасында жүргендіктен қорқынышты болады деп ойлаған едік, алайда топпен, көпшілікпен жүрген соң ештеңе қорқынышты емес екен. Бірақ табиғаттың әдемілігін сөзбен жеткізе алмаймын. Мысалы, таңғы үш жарымда ұйқыдан тұрасың. Дала қап-қараңғы. Тек айдың ғана жарығы түсіп тұр. Су бетіне ай жолы түседі. Оның үстіне бетіңе теңіз суы тиіп өтеді. Сөзбен жеткізе алмайтын сезім, эмоция. Сол кезде осы мамандықты таңдағаныңа өкінбейсің.

Фото -

Фото -

Фото -

– Круизде қандай қызықты оқиға болды?

– Үнемі санаңда сақталатын естеліктер мен қызықты оқиғалар көп. Мысалы, біз Португалияға бара жатқан жолда дельфиндерді көрдік. Дельфиндерді зообақтарда емес нағыз табиғат құшағында көрген ерекше сезімге бөлейді екен. Сосын круизде жүргенде сол экипаж мүшелерімен дауылды аймаққа кіріп бара жатқанымды түсімде көрдім. Тура 1 аптадан соң осы жағдай болды. Біз дауылды аймаққа кірдік. Сол кезде түгел экипаж мүшелері желкенді көтеріп, тиісті шараларды істеп, дауылды аймақтан аман шықты. Кейін бәрі басылған соң күліп еске алдық.

– Әрбір теңізші өзінің кемесі болғанын армандауы заңдылық шығар. Егер сіздің кемеңіз болса, қандай атау берер едіңіз?

– (Ұзақ ойланды) "Роза" деп атаушы едім. Өйткені, ол менің анамның есімі. Үлкен жолға шыққанда үнемі сәттілік әкелсін, сәттілік серік болсын деп анамның атын беруші едім.

– Есет, сұқбатыңызға рақмет. Студенттік өміріңіздің қызықты әрі пайдалы өтуіне тілектеспіз. Қазақстанның теңіз саласын дамытатын маман болуыңызға тілектік білдіреміз!