1751

Қайда апарғанын білмедім – Чернобыльді залалсыздандырған қазақстандық әскер

Қазақстандық әскер Чернобыльді қалай залалсыздандыруға барғанын әңгімелеп берді.
Фотография - Қайда апарғанын білмедім – Чернобыльді залалсыздандырған қазақстандық әскер Сурет: today.kz

1945 жылы Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталған атом бомбасынан ондаған есе күшті болған Чернобыль атом электр станциясындағы жарылысқа биыл 32 жыл толды. Тараған радиация тек КСРО  аумағына емес, өзге де елдерге зардабын тигізді. Сол кезде адамзат өмірін сақтап, жерді радиациядан тазарту үшін Қазақстаннан 31 730 Отан алдындағы борышын өтеп жатқан әскер Украинаға аттанған. Солардың қатарында Рақым Әбдікәрімов те бар еді. Today.kz Рақым Зайытбекұлынан жиырмасыншы ғасырдың қасіретіне айналған қайғылы оқиғаның қалай куәгері болғанын сұрады.

Фото -

"Мен алғаш рет Чернобыльге 1986 жылдың мамырында бардым. Мені қайда жібергенін білген жоқпын. Маған алғашында "10 күнге Киевке іссапармен барасың" деді. Киевке барғаннан кейін ғана қаланы залалсыздандырып, балаларды, ересектерді қауіпсіз аймаққа апару керек екенін айтты", – деді Рақым Әбдікәрімов.

Екінші рет Рақым Әбдікәрімов өз еркімен сұранып, жарты жылға Чернобыльға барған.

"Тұрғындарды басқа жаққа көшіріп жатқанда барлығының жүзі солғын еді. Себебі олар сол жерде 20-30 жыл тұрып, бауыр басып қалған. Барлығын тастап, ақша мен құжаттарын ғана алып кетті. Себебі тұрмыстық заттарға радиация сіңіп қалған еді", – деді ол.

Фото -

Рақым Зайытбекұлы оқиғадан кейін денсаулығында өзгерістер болғанын жасыра алмайды. Тіпті арнайы қорғаныш формасының өзі еш көмегін тигізбепті.

"Әрине, денсаулығыма кері әсері болды. Әсіресе екінші рет барғанда оны өзім бірден байқадым. Әскерлерге таратқан газдан қорғайтын арнайы киім еш көмегін тигізген жоқ. Атом электр станциясының аумағынан шығып, газдан қорғайтын бас киімді шешсем, мұрным мен аузымнан қан ағатын. Сол кезде дәрігерлер оның ішкі организм ыси бастағаннан деп түсіндірді", – деді Чернобыль оқиғасының ардагері.

Фото -

Фото -

Кейіркеріміз Чернобыльды залалсыздандыруға барған әскерлерді жақсы тамақтандырғанын айтады.

"Өте жақсы тамақтандырды, оны жасыра алмаймыз. Атом электр станциясына баратындарға арақ беретін. Онсыз мүмкін емес еді. Топ болып жұмыс істедік. Бір топқа 7-8 әскер топтастырылды", – деді Әбдікәрімов.

Чернобыльды залалсыздандыруға баратын адамдардың өзін таңдап алған екен. Мысалы, залалсыздандырушылар жасы отыздан асқан, кем дегенде екі балалы болуы керек. Украинадан келгеннен кейін дәрігерлер залалсыздандырушыларға кемінде 5 жылға дейін балалы болмауға кеңес беріпті.

Қазақстаннан Украин жерін радиациядан азат етуге 32 мыңға жуық әскер барған десек, қазір солардың 5 мыңға жуығы ғана тірі.