7730

Айжан қалай әкесіне арнап тіккен жадағайды ұлттық бренд пен кәсіпке айналдырды

Түйе жүннен тігілген қазақтың ұлттық сырт киімі жадағайды шет елдіктер де көп сатып алады екен.
Фотография - Айжан қалай әкесіне арнап тіккен жадағайды ұлттық бренд пен кәсіпке айналдырды Сурет: Айжан Рақымбайқызының жеке мұрағатынан

Екі қыз бен бір ұлдың анасы Айжан Сембіғалиева бүгінде қазақтың ұлттық сырт киімі жадағай тігеді. Оның туындыларымен қазақ қолөнерін әрі отандық өнімді қолдайтын, іздейтін халық жақсы таныс. Түйенің жүнінен тігілетін жадағайды уақыт сұранысына сай дайындап, сәнді, әдемі әрі қазақи киімді тігіп жүрген Айжан Рақымбайқызы бұл кәсіпке қалай келді? Жадағайды жұрт біле ме? Сұраныс қандай? Today.kz шебердің өзімен тілдесіп, сауалға жауап алды.

Фото -

– Айжан, қайырлы күн! Жадағай тігу, сату кәсібіне қалай келдіңіз? Негізгі мамандығыңыз тігінші ме?

– Негізгі мамандығым тігінші емес. Бірақ бала күнімізден әжеміздің ұршық иіріп, киіз басқанын көріп өстік. Кішкентай кезімнен тігінге жақын едім. Бірдеңелерді тігіп, анамның матасын бүлдіріп, кейін моншақпен тігіп, тоқуды бастадым. Хоббиім кәсіпке айналды. Бірақ жадағай тігіп, кәсіпке айналдарамын деген ой үш ұйықтасам да ойыма келмепті. Кенжем қазір 2 жаста. Бала күтімімен үйде отырмын. Бір күні әкеме жадағай тігіп бергім келді. Базарға барып матасын сатып алдым. Өзімізде түйе бағатын болған соң түйе жүнін сатып алудың қажеті болмады. Түйенің жүнін тазаладым. Менде алғашында тігін машинасы болған жоқ. Қолмен тіктім. Тіккен жадағайым тек әкеме емес, көрген адамның барлығына ұнады. Сосын таныстардан, туыстардан тапсырыс келе бастады. Кейін Алматы, Қостанай, Қарағанды секілді өзге де Қазақстан қалаларынан тапсырыс алдым. Шет елден де тапсырыстар келген соң бұны ұлттық брендке айналдыру керек шығар деп арнайы этикетка дайындадым.

Фото -

Фото -

Фото -

– Жадағайға сұраныс қандай? Жалпы жадағайдың не екенін білмей жататын жандар кездесе ме?

– Жадағайға сұраныс өте жоғары. Ерлер арасында да, әйелдер арасында да қызығушылық бар. Осы уақытқа дейін еліміздің барлық қалаларынан тапсырыс қабылдадым. Мені таң қалдыратыны, ешқашан менен "жадағай деген не?" деп сұраған адам болған жоқ. Барлығы оның не екенін біледі. Бірақ, біздің кейбір дизайнерлеріміз түйе жүннің орнына синтепон салып, жеңіл "чапан" деп сатып жүр. Бірақ қазақта чапан деген жоқ қой. Шапан деген бар. Бірақ шапанды тек ерлер ғана киеді. Онда да оған ешқандай жүн не тері салынбайды. Жүн салып тігілетін сырт киім түрі – жадағай. Ал тері салып, астарлап ішік тігеді. 

– Ұлттық киімдер күнделікті киюге ыңғайлы ма?

– Ешқандай жылтырақ тастарсыз тіксеңіз ыңғайлы. Маған көбіне осылай күнделікті өмірде киюге тапсырыс береді. Сырып тігемін. Сырып тігу деген оңай емес. Матасын мыжып алмай, әдемілеп тігу керек.

Фото -

– Жадағайдың құны қандай?

– Ол сыртындағы матасының сапасына байланысты. Қаншалықты қымбат, мықты мата болса, соншалық қымбат болатыны белгілі ғой. Құны қырық мың мен алпыс мыңның арасы.

– Түйе жүнінің иісі шығады деп жатады. Сол шын ба?

– Жоқ, түйе жүнін 5-6 рет жақсылап жуғаннан кейін ешқандай иісі болмайды. Түйе жүнінің қой жүніне қарағанда мүлдем жағымсыз иісі болмайды. Жуып, тазалағаннан кейін оны өңдеймін. Жақсылап түтемін. Сонда үлпілдек, жеңіл жүнге айналады. Жақында түйе жүнін өңдейтін станок сатып алдым.

– Қай жастағы адамдар жадағайға көп тапсырыс береді?

– Жастар да, орта жастағы кісілер де, әжелер де тапсырыс береді. Әрқайсысының жас ерекшеліге қарай, жағасын үшкір немесе жеңін түсіңкі етіп тігемін. Оның түрлі үлгісі бар. Тігіп болған соң тапсырыс иесіне жеткенше "ұнады ма екен, шақ болды ма екен" деп уайымдап отырамын. Тапсырыс беруші "бәрі жақсы" дегенде балаша қуанамын.

Фото -

– Осы кәсібіңізді үлкейту ойыңызда бар ма?

– Негізі түйе жүнінің пайдасы туралы көп айтуға болады. Сондықтан кәсібімді кеңейткім келеді. Түйе жүн өнімдерін көбірек тіккім келеді. Қазір түйе жүнінен  бір не екі адамдық көрпелер тігіп жатырмын. Олар өте жеңіл әрі жылы. Құрақ құраймын, моншақтан әшекей бұйымдар дайындаймын. Тек жадағаймен шектеліп қалмай, барлығын тігемін.

Фото -

Фото -

Фото -

– Ұлттық киімдер туралы пікіріңіз қандай?

– Егер ұлттық киімдерімізді сапалы етіп, заман талабына сай, күнделікті өмірде киюге ыңғайлы етіп дайындаса, барлығы киеді деп ойлаймын. Мысалы, Маңғыстауда ұлттық киім күнделікті киіледі. Ал өзге өңірлер де осы үрдіске біртіндеп көшіп келе жатыр. Себебі, жадағайға тапсырыс көбене басқа өңірлерден келеді. Алдағы уақытта этно киімдер сәнге айналады деп ойлаймын. Соның дамуына кішкене де болса үлес қоссақ, қуаныштымыз.

– Сұқбатыңызға рақмет. Ісіңізге береке тілейміз.