Бірнеше мамандық, блокчейн – Назарбаев әлемдегі 5 мегатрендті атады

Фотография - Бірнеше мамандық, блокчейн – Назарбаев әлемдегі 5 мегатрендті атады

Сурет: ©Алмаз Төлеке

Мемлекет басшысының сөзінше, бес әлемдік тренд бүкіл әлемге ықпал етеді.

1090 0

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі бес мегатрендті атады. Ақпаратты ол Астана экономикалық форумы аясында өтіп жатқан Global Challenges Summit шарасында жариялады, деп хабарлайды Today.kz

Мемлекет басшысының сөзінше, бес әлемдік тренд бүкіл әлемге ықпал етеді. 

"Бірінші мегатренд – тек бизнес қана емес, қоғамның бүкіл өмірі цифрландырылған экономика моделі қарқынды түрде құрылып жатыр. Жаңа технологияның жетістіктері осыған дейін елдердің бәсекеге қабілеттілігін анықтаған базалық факторларды айқындайды", – деді ол. 

Президенттің сөзінше, өндірісті қадағалап, оны жақсартатын зияткерлік жүйелер қарапайым құбылысқа айналды. 2030 жылға қарай жасанды сана әлемдік экономиканы 16 триллион долларға дейін көбейтеді. 

Мемлекет басшысының пікірінше, криптовалюта феномені, блокчейн технологиясы банктен бастап бүкіл қаржы нарығына түбегейлі өзгеріс енгізеді. 

"Цифрландыру киберқылмыстың да өсуіне әкеледі. Ол 2017 жылы бизнеске төнген ең үлкен қауіп ретінде мойындалды, бір жыл бұрын тізімде бар-жоғы бесінші орында тұрған еді", – деді ол. 

Екінші жаһандық тренд – энергетикалық төңкеріс, әлемнің таза энергетикаға бет бұруы. 

"Тек 30 жылда жаңаратын энергия көздерінен алынатын энергия көлемі 13 есеге өсті. Соңғы 5 жылда күн панельдерінің құны 2 есеге жуық төмендеді. Электромобильдер айрықша серпіліс тудырды. Сарапшылардың айтуынша, егер де автопаркті электрокарларға ауыстырса, бұл өз кезегінде Жердегі ауаны 200 жыл бұрынғы деңгейге дейін тазартуға мүмкіндік беретін еді", – деді Назарбаев. 

Қазақстан осы трендті өзі де қолдануға тырысады, Мемлекет басшысы EXPO-2017 көрмесіне қойылған жетістіктерді есіне түсірді. 

"Жалпы 2030 жылға қарай біздің энергиялық баланстағы баламалы энергия үлесі 30 пайызға дейін жеткізіледі", – деді ол. 

Үшінші мегатренд – ғаламшардағы тұрғындар санының өсуі. 

"Соңғы онжылдықта ғылыми-техникалық прогресстің өсуі адам өмірінің айтарлықтай ұзаруына мүмкіндік берді. Соңғы 70 жылда ол 23 жылға ұзарды. 48-ден 81 жасқа дейін. Қазақстанда бұл көрсеткіш тәуелсіздік жылдарында 7 жылға өсті: 65-тен 72,5 жылға дейін, бұл ортаәлемдік деңгейден асып түсті", – деді Президент. 

Мемлекет басшысының сөзінше, ғасырдың ортасында 10 миллиард тұрғынды асырау үшін қазіргіден 60 пайызға көп өндіріс жасау керек. Ішуге жарамды су азайып келеді. Осы тенденцияның салдарынан Назарбаев ауыл шаруашылығы саласында тиімділікті арттыруды маңызды деп есептейді. 

Қазақстанда бес жылда агрокешен еңбегі өнімін екі есеге ұлғайту көзделіп отыр. 

Төртінші мегатренд – урбанизация сипаты мен ырғағының өзгеруі. 

"БҰҰ бағасы бойынша ғасыр ортасында қалада тұратын адам саны жеті миллиардқа жетеді. Ірі агломерацияларда халық санының гиперконцентрациясы жалғаса береді. Мегаполистер кезеңі туып, олардың арасында бәсеке болады, олар инвестиция, үздік ми, технология үшін күресіп, осыларға барлық жағдайды жасайды", – деді Мемлекет басшысы. 

Қазақстанда қала саны көбейеді, өйткені еліміз агломерацияны дамыту стратегиясын жүзеге асыра бастады. 

"Егер бұрын миллион халқы бар бір ғана Алматы қаласы болса, қазір оған Астана мен Шымкент қосылды. Енді үш қала болды. Бұл процесс жалғасатын болады", – деді ол. 

Бесінші мегатренд – жаһандық еңбек нарығының трансформациясы.

"Болжанған физикалық еңбек күшінің орнын жақын жылдарда 80 пайызға робот жүйелері ауыстыруы мүмкін. Заманауи кәсіпорындар үшін бағасы емес, білікті мамандардың болуы маңызды", – деді Назарбаев. 

Оның сөзінше, жаһандық дағдарысқа қарсы шешімдер әзірлеу ісіне бүкіл халықаралық қоғамдастықтың атсалысуы қажет. 

"Білім беру саласының реформалануы негізгі жауап болады. Ол білім беру тәжірибесін креативті ойлау, қажетті ақпаратты таба біліп, оны дұрыс қолдану сияқты қабілеттерді қалыптастыруға ауыстыруды көздейді", – деді Назарбаев. 

Президенттің ойынша, техникалық прогресстің жылдамдығы адамнан өмір бойы бір ғана мамандықпен шектелмей, бірнеше мамандыққа ауысуын талап ететінін болады.

Нұрсұлтан Назарбаев аталған жаһандық 5 тренд әлемде орын алып жатқан тұрақсыздық жағдайының арта түсуінің негізгі факторлары болып саналатынын және G-Global бастамасын ұсынғанын атап өтті. Бұл бастама G-7 және G-20 бастамаларына қарағанда, барлық елдердің пікірлері мен мүдделерін біріктіруге мүмкіндік беріп, мейлінше теңгерімді шешімдер табудың нақты тетігіне айнала алады.

"Осы басқосуда орнықты даму, экономикалық теңсіздікті қысқарту, халықаралық сауда-саттықтың, жалған ақпарат таратудың, криптовалютаны қолдану мен оны реттеудің жаңа ережелерін айқындау мәселелерін талқылауға болады. Жаһандық дағдарысқа қарсы шешімдер әзірлеу ісіне бүкіл халықаралық қоғамдастықтың атсалысуы қажет екенін ескеріп, бұл бастаманы Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы алаңда жүзеге асыруды ұсынамыз", – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Естеріңізге салайық,  Астана экономикалық форумы аясында Global Challenges Summit өтті. Саммитке шақырылған спикерлер арасында Apple Computer компаниясының негізін қалаушылардың бірі, Францияның бұрынғы президенті Франсуа Олланд, БҰҰ 8-бас хатшысы Пан Ги Мун, журналист Ксения Собчак және тағы басқа танымал қайраткерлер бар. 




Загрузка...

Пікір (0)

  • Кіру
  • Тіркелу
  • Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?