2100

30 мың айлық алса 40 мың алиментті қалай төлейді – судья алимент төлеу жайлы

Судья алимент төлемеген азаматтарды қылмыстық емес, әкімшілік жауапкершілікке тарту керек дейді.
Фотография - 30 мың айлық алса 40 мың алиментті қалай төлейді – судья алимент төлеу жайлы Көрнекі сурет

Шаңырақ шайқалғаннан кейін екі жаққа кететін бұрынғы жұбайлар жылы қарым-қатынаспен емес, көп жағдайда алиментті қашан төлейтінін білу үшін хабарласады. Кейбір адамдар жауапкершіліктен қашпай, уақыты қаражатты аударып отырса, енді бірі түрлі айла-тәсіл іздеп, алименттен жалтаруға тырысады. Алиментті төлемеуге көп жағдай сеп болуы мүмкін. Кейбірі әдейі төлемесе, енді бірінің расымен қаржылай шамасы жетпеуі де мүмкін. Еліміздегі алимент төлеу тәртібі туралы отставкадағы судья Халбибі Шәріпбаева Today.kz сайтына әңгімелеп берді.

Фото -

Судьяның айтуынша, алименттен қашқандарды қылмыстық емес әкімшілік жауапкершілікке тарту керек.

"Егер азамат алиментті төлемесе шекарадан шыға алмайды және мүлкі тәркіленеді. Егер төлемеген алиментінің мөлшері тым көбейіп кетсе қылмыстық іс қозғалады. Бірақ менің ойымша, бұл онша тиімді тәсіл емес. Дұрысы алименттен жалтарғандарды әкімшілік жауапкершілікке тарту керек, яғни құрылысқа немесе қаланы тазалауға міндеттеу керек. Әрі содан түскен жалақыдан алиментті төлейтіндей ету керек", – дейді бұрынғы судья.

Халбибі Шәріпбаеваның айтуынша, қазіргі алимент төлеу жүйесі төлеушінің құқығын бұзады әрі көп жағдайда ондай қаражатты азаматтардың төлеуге мүмкіндігі болмайды.

"Алименттің сомасы төлеушілердің қалтасына ауыр тиеді. Мысалы, 30 мың жалақы алатын қарапайын қызметкер бар. Сондай-ақ 300 мың жалақы алатын инженер бар. Екеуінің жалақысына қарап орташа айлық жалақы 150 мың деген қорытынды жасайды. Алимент орташа айлық жалақының 25 пайызынан төленеді. Бұл шамамен 40 мың деп есептейік. Сонда 30 мың жалақы алатын қызметкер қалай 40 мың алимент төлейді? Оның жалақысы да жетпейді ғой. Сондықтан алимент төлеуден қашқандарды немесе төлеуге мүмкіндігі жоқтарды әлеуметтік мәжбүрлі жұмыстарға жіберіп, қосымша жалақы беру керек. Әйтпесе азаматтың жалақысы жетпей, алиментті төлемейді. Бұл жағдайдан бала қиындық көреді. Одан кейін анасының жұмысқа шығу керек болады", – дейді Халбибі Шәріпбаева.

Айта кетейік, алиментті тек мүгедек, ақыл-есі дұрыс емес, еңбекке жарамсыз адамдар ғана төлемесе болады. Бірақ осы топқа жататын адамдар мемлекеттен жәрдемақы алатын болса, алиментті сол жәрдемақыдан төлейді.

Загрузка...