2228

Шымкенттің екі жаңа ауданына 40 жаңа үй салынады

Жалпы аумағы 150 мың шаршы метр болатын нысандар салынатын болады.
Фотография - Шымкенттің екі жаңа ауданына 40 жаңа үй салынады Сурет: Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің баспасөз қызметі

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Today.kz аталған банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бұл келісімге сәйкес, жалпы аумағы 150 мың шаршы метр болатын нысандар салынатын болады. Тұрғын үйлер құрылысы қаланың екі бірдей жаңа ауданында, атап айтқанда Shymkent City мен Әкімшілік-іскери орталықта жүреді. Мұндағы тұрғын үйлердің 1 шаршы метрінің бағасы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенттері үшін 140 000 теңгені құрайды.

"Алғашқы 598 пәтерді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенттері осы жылы ала алады, осы мақсатта қаланың жаңа әкімшілік-іскери орталығында 11 тұрғын үй салынып жатыр. Құрылыс салушы бұл нысандарды 2018 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беруді жоспарлап отыр. "Нұрлы жер" бағдарламасына қатысып, ол бойынша үй алу үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шотта 20% көлеміндегі бастапқы жарнаның болуы жеткілікті. 1 бөлмелі пәтердің бағасы 5,6 миллион теңге деп алсақ, депозитте 1,1 миллион теңге жинау керек. Осыдан кейін банк 5% жылдық мөлшерлемемен жеңілдетілген заем береді", - деп Ләззат Ибрагимова мемлекеттік бағдарламаға қатысу шарттарын түсіндіріп өтті.

Қалған 1 880 пәтердің құрылысы мен пайдалануға берілуі 2019 жылға жоспарланып отыр. Жаңа үйлер Shymkent City ауданында пайда болады.

"Нұрлы жер" бағдарламасының шарттарына сәйкес, келесі талаптарға сай азаматтар бұл пәтерлерден үміткер бола алады: 

- ҚР азаматы немесе оралман мәртебесіне ие болуы;

- өтініш берушіде және оның отбасы мүшелерінде соңғы 5 жыл ішінде Қазақстан Республикасының аумағында жеке меншік үйінің болмауы;

- төлем қабілеттілігін растай алуы.

Сондай-ақ банк салымшылары басқа да бағдарламалар арқылы баспаналы бола алады.

Мысалы, қазір "Өз үйім" бағдарламасына қатысуға өтінім қабылданып жатыр. Оның аясында Шымкент қаласының Төлеметов көшесінде тұрғын үй кешені салынуда. Мұндағы пәтерлердің 1 шаршы метрінің бағасы 178 500 теңгені құрайды. 20% көлеміндегі бастапқы жарна болған жағдайда, банк 7% мөлшерлемемен заем береді, кейін жылдық мөлшерлеме 5%-ға дейін төмендейді.

Бұған қоса, осы жылы банк салымшылары үлестік құрылысқа қауіпсіз түрде қосыла алады. Бұл бағытта Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі тек Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қорының кепілдігіне ие компаниялармен ғана серіктестік орнатады. Үлестік қатысу аясындағы үй бағасы белгіленген: 1 шаршы метрдің құны 180 000-250 000 теңгені құрайды. Тұрғын үйлер Шымкенттің "Нұрсәт" ықшамауданында салынып жатыр

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы сатылып жатқан барлық жаңа нысандар туралы ақпаратты baspana.kz порталынан білуге болады. Аталған порталда қолжетімді тұрғын үйден үміткер қандай нысандардың салынып жатқанын біліп, өтініш қабылданып жатқан-жатпағанын анықтап, ұнаған пәтерді таңдап, пәтер сатып алушылар пулына қатысуға өтініш бере алады.

Загрузка...