1983

Депутаттар "7-20-25" бағдарламасының не үшін баяу жүзеге асып жатқанын сұрады

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы "7-20-25" тұрғын үй бағдарламасы төңірегінде туындаған сұрақтарға жауап бермек.
Фотография - Депутаттар "7-20-25" бағдарламасының не үшін баяу жүзеге асып жатқанын сұрады Сурет: snab12.ru

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы "7-20-25" тұрғын үй бағдарламасы төңірегінде туындаған сұрақтарға жауап бермек. Халық қалаулылары оған арнап сауалхат жазып, онда аталған бағдарламаның баяу жүзеге асып жатқанының себебін сұрады, деп хабарлайды Today.kz.

"ҚР Ұлттық банкінің мәліметінше, "Баспана" ипотекалық компаниясы "7-20-25" бағдарламасы бойынша ел бойынша 1803 өтінішті тіркеген, оның 1190-ы мақұлданған. 

Бұл тұрғын үй алуға кезекте тұрған 1,5 миллион адамның және жер телімін алуға кезекте тұрған бір миллион адамның бір пайызы да емес! 

Мысалы, Түркістан мен Маңғыстау облыстарында өтініш нөл. Солтүстік Қазақстан мен Атырау облыстарында бір өтініш. Павлодар облысында бар-жоғы тоғыз өтініш. Жамбыл облысында – 10. Әрине, бұндай көрсеткіштер жұмысты күшейту керектігін көрсетеді", – деді заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов. 

Оның сөзінше, жауапкершілік әкімдіктің мойнында. 

"Жергілікті атқарушы органдардың қолында баспананы қажет ететін мыңдаған адамның тізімі тұрса да, олар аталған бағдарлама жайлы ақпарат бермеген. ХХІ ғасырда бастама көтеру қиын болғаны ма? Оларды шақырып, қоңырау шалып дегендей... Бір пайызы қатысса да, бір мың адамды емес, 25 мың адамды қамтуға болады", – деді мәжіліс депутаты. 

Бағдарлама шарттары кейбір өңірлерге сәйкес келмейді. Мәселен, Түркістан облысында халық тығыз орналасқан. 

"Бұл жақта көп балалы отбасылар көп және бір бөлмелі, екі бөлмелі пәтерлер оларға ыңғайсыз. Бағдарлама шарты бойынша тұрғын үй бағасы шектеулі. 

Бағдарлама аясында 15 миллион теңгеге Шымкентте екі бөлмелі пәтер алуға болады 

Шымкент жақында мегаполис болып жарияланды. Бұндай баспанада бес баламен қалай тұруға болады?" – деді халық қалаулысы.

"Ақ жол" фракциясы депутаттары атынан ол ипотекалық қарыздың шектеулі мөлшерін 15-тен 25 миллион теңгеге ұлғайтуды ұсынды және Шымкенттің республикалық статусын ескеруді еске салды. 

Загрузка...