676

Елдеріміздің экономикасы бірін-бірі толықтырып тұрады – Назарбаев Сербия жайлы

Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі өткен келіссөздер нәтижесінде қол жеткізілген келісімдерге тоқталды.
Фотография - Елдеріміздің экономикасы бірін-бірі толықтырып тұрады – Назарбаев Сербия жайлы Сурет: akorda.kz

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сербия Президенті Александр Вучичтің ресми сапарының қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін брифинг өткізді, деп хабарлайды Today.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

Қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдері алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Сербия Республикасының Президентіне Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келгені үшін ризашылық білдіріп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың даму қарқынын ерекше атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі өткен келіссөздер нәтижесінде қол жеткізілген келісімдерге тоқталды.

"Біздің жоғары деңгейдегі кездесулеріміз тараптардың өзара байланыстарды дамытуға мүдделі екендігін білдіреді. Ең алдымен, бұл – сауда-экономика саласындағы кооперацияны одан әрі ілгерілету. Елдеріміздің экономикасы бірін-бірі толықтырып тұрады. Жеткізілетін өнімдер түрлерін кеңейтуге дайынбыз", – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Сербия арасындағы қатынастарды одан әрі ілгерілететін басым бағыттарды да атады

"Біз Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия алдына жаңа міндеттер қойдық. Жақында бұл комиссияның екінші отырысы өтті. Онда басым бағыттар айқындалды. Олар – ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, көлік, энергетика және басқа да салалар. Біз Азия мен Еуропа арасында жүк тасымалын жеделдету үшін тиісті инфрақұрылым қалыптастыруға мүдделіміз", – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық одақ пен Сербия арасындағы еркін сауда аймағын құру үшін сараптамалық келіссөздер жалғасып жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы келіссөздер барысында өңірлік және халықаралық саясат мәселелері талқыланғанын айтты.

Соңында Мемлекет басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезіне қатысуға шақыруын қабыл алғаны үшін Сербия Республикасының Президентіне ризашылық білдірді.

Александр Вучич қонақжайлық көрсеткені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, келіссөздердің жемісті болғанын атап өтті

"Меніңше, Орталық Азияда Астана сияқты қарқынды өзгеріп әрі өркендеп келе жатқан қала жоқ. Президент Назарбаевтың және оның көрегендігінің, күш-жігері мен іске берілгендігінің арқасында Қазақстанның қол жеткізген жетістіктері мені таң қалдырады. Сіздердің "Қазақстан-2050" стратегиясында белгілеген мақсаттарыңызға жететіндеріңізге кәміл сенемін", – деді А.Вучич.

Сербия Республикасының Президенті екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың маңыздылығын айтып, оны әрі қарай күшейту үшін зор әлеуеттің бар екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Сербия Республикасының Президенті екі мемлекеттің халықаралық деңгейде бір-біріне өзара қолдау көрсетуін нығайту қажеттілігіне тоқталды.

Загрузка...