1551

Кодекс бойынша судьяның өз бетімен істің мән-жайын анықтауға құқысы жоқ – Асанов

Бас судьяның айтуынша, сотта бір тарап арызда өз талабын дұрыс көрсетпесе, судья оған кеңес бере алмайды.
Фотография - Кодекс бойынша судьяның өз бетімен істің мән-жайын анықтауға құқысы жоқ – Асанов Сурет: sputniknews.kz

Азаматтық-процессуалды кодекстің кейбір баптары судьялардың жұмыстарына қолбайлау болып отыр. ҚР Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың айтуынша, Кодексте ондай кедергілер көп, деп xабарлайды Today.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

"Неге судья мәселенің мәнісіне жетпейді? Неге істі жан-жақты қарамайды? Халықтың көбісі осылай айтады. Бірақ қазіргі Азаматтық процессуалды кодекс судьяға қолбайлау болып отыр. Осыны ашық айту қажет. Кодекс бойынша судьяның өз бетімен істің мән-жайын анықтауға құқысы жоқ. Ол тек тараптардың ұсынған материалы аясында ғана жұмыс істеуі керек. Осы шектеуден шығуға рұқсат жоқ. Бір нәрсе жетіспей жатса, судья оны талап ете алмайды", - деді Ж.Асанов бүгін Астанада өткен халықаралық семинарда. 

Бас судьяның айтуынша, сотта бір тарап арызда өз талабын дұрыс көрсетпесе, судья оған кеңес бере алмайды. 

"Ондай мысалдар көп. Судья талаптың, я болмаса, өтініштің дұрыс жазылмағанын көріп тұра, өз ақыл-кеңесін бере алмайды. Себебі артынан оны біреуге жақтасты деп, айыптап шығуы мүмкін. Сот төрелігі әділ болсын десек, судьяға мәселенің мәнісін зерделеуге рұқсат беру керек. Ол дау-дамайдың мәнісін білмесең, әділ шешімді шығару қиын. Ол үшін судьяға процессуалдық белсенділік құзіретін берген жөн", - деп атап көрсетті Ж.Асанов. 

Айта кетейік, бүгін Астанада инвестициялық және коммерциялық дауларды шешу мәселесіне арналған халықаралық семинар басталды. Отандық және шетелдік сарапшылар Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының осы саладағы тәжірибесін зерделеп, оны Қазақстанда енгізу жайын қарастыруда.  Сол жерде ҚР Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов артық жұмысты қысқартып, соттарға тек прокуратура арқылы ғана жүгінуді ұсынды.  Сондай-ақ, алдағы уақытта соттардың меморган басшыларына айыппұл салатынын жеткізді. 

Загрузка...