617

ШҚО колледжінен сыбайлас жемқорлық деректері анықталды

Арнайы қадағалау тобы жемқорлық дерегін анықтап, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке жібереді.
Фотография - ШҚО колледжінен сыбайлас жемқорлық деректері анықталды Сурет: Спутник Қазақстан

ҚР мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік жанынан құрылған арнайы қадағалау тобының мүшелері өңірлердегі ірілі-ұсақты жемқорлықтың алдын алады. Аталған топтың Семейдегі төрайымы Жанна Жыбраева Today.kz тілшісіне сыбайлас жемқорлықты қалай анықтайтынын айтты. 

Арнайы қадағалау тобы – қоғамдық құрылым, ол жемқорлық дерегін анықтап, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің қарауына жібереді. 

Семейде арнайы топ 2018 жылдың сәуірінде құрылды. Осы аралықта бірнеше рейд жүргізген. 

Жемқорлық студенттер жатақханасынан табылған. 

"Құрылыс колледжінің жатақханасынан заңсыз тұрып жатқан 30 отбасыны таптық. Грантқа түскен, басқа қаладан келген балалар қалай өмір сүріп жатқанын да анықтауымыз керек болды. Мамай 77 көшесінде орналасқан коммерциялық жатақхананы тексердік, бір қабаты үш қалалық колледж студенттеріне бөлінген. 

Біздің таңғалғанымыз – ауылдан келген студенттерді қадағалайтын адам жоқ. Олар тоғызыншы сыныпты жаңа тәмамдаған балалар ғой. Кірлерін әр жуған сайын 150 теңге, жуынғандары үшін 150 теңге алып отырады екен. Екі адам жатақханада тұрғандары үшін 13 500 теңге, үш адам 11 500 теңге төлейді 

Тоңазытқыштары да жоқ. Колледж басшылығы тоңазытқыш әкеліп беріп, жатақхана қожайынымен балалар өздеріне тамақ дайындап ішулері үшін келісулері тиіс еді. Ондай жоқ! Олар тұрып жатқан әр бөлмеде оқулықтармен қатар плитка, сковородка, азық-түлік тұр", – деді Жанна. 

Рейдтің қорытындысы бойынша белсенділер облыстық арнайы қадағалау тобы мен мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке хат жазды. ШҚО прокуратурасы көп күттірген жоқ. Құзырлы орган коллеждегі тексерісті мақұлдады. 

"Мемлекеттік тапсырысты орналастырған кезде байқау процедуралары сақталмаған, студенттер жалған оқытылған, гранттар заңсыз үлестірілген, мұғалімдердің біліктіліктері сәйкес емес, студенттер жатақханамен қамтамасыз етілмеген, сондай-ақ мемлекеттік мүлікті тапсырғанда түскен кіріс заңсыз бөлінген. Түлектердің жұмыспен қамтылғаны туралы ақпарат көтермеленіп жазылған, сондай-ақ білім беру мекемесінің әкімшілігі тарапынан оларды жұмысқа орналастыруда көмек көрсетілмеген", – деп хабарлады облыстық прокуратура. 

Облыстық білім беру басқармасы Семей бизнес және қызмет көрсету колледжіне, Өскеменнің екі колледжіне және Аягөздің политехникалық колледжіне жыл сайын грант бөліп отырған, бірақ басқа қаладан келетін студенттерді оқытатын жағдайлары болмаған. Бұл мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру Ережесіне қайшы. 

Колледж жатақханадағы бөлмені үшінші тұлғаға жалға берген кезде тұру құнынан бөлек коммуналды қызмет те алынып отырған, бірақ мемлекеттік тапсырыс бойынша келісімшартта бұл жалпы сомаға кіреді. 

Күршім колледжінде студенттің өзі емес, фамилиясы оқыған. 

"12 студенттің жалған оқитыны анықталды. Мұғалімдер мен өндірістік білім беру шеберлері сабақ кезінде журналға бұл студенттерге баға қойып, аттестацияға жіберіп отырған, курстан-курсқа өткізген. 

Одан бөлек, оларға шәкіртақы төленген. Мемлекетке келтірілген шығын мөлшері сегіз миллион теңгеден асты 

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр", – деді прокуратура. 

Колледж аумағы мен мүлкі де заңсыз пайдаланылған. Мысалы, ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінің аумағындағы автотұрақ ұзақ уақыт бойы ақылы болған. Қазір ол жабылып қалды, оның орнына спорт алаңын салу жоспарлануда. 

Прокурорлардың тексерісінен соң мемлекетке 43 миллион теңге шығын келтірілгені анықталды. 60 адам тәртіптік жауапкершілікке, төрт адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

Семейдегі интернаттан да жемқорлық фактісі байқалды. Ата-аналар тарапынан шағым түскен соң, жемқорлыққа қарсы топ тамақ пен жылудың жағдайын тексеру үшін аталған интернатқа барды. Олар оқулық мәселесінің де үстінен түсті. Балалардың ХХ ғасырдың 80-жылдары басылған оқу құралдарымен оқып жүргені анықталды. 

Ата-аналардың бірі баласын тәрбиеші ұрып-соқты деп шағымданды. 

"Тәрбиеші әйел ұрған бала жарияланды. Баланың денесінде көгерген із бар. Мектеп оның белсенді екенін, тыңдамайтынын айтады. Кейін бала біреумен төбелесті деді. Милицияны да, ата-анасын да шақырған жоқ, басқармаға, дәрігерлерге ақпарат берген жоқ. Алдымен ата-анасына хабар беріп, сосын шара қолданулары керек еді. Бұл шешім қабылдап, шұғыл түрде шара қолданылуы тиіс жағдай. 

Оны істемегендерімен қоймай, тәрбиеші әйел баланың анасына 200 мың теңге ұсынған. Анасы басында ақшаны алып, кейін қайтып келіп баласының қымбат екенін, кінәлі адам жазасын тартуы тиіс екенін айтқан 

Қазіргі таңда менің білуімше тәрбиеші әйел жұмыстан шығып кетті", – деді Жанна. Ол материалдар ҚР мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі мен Шығыс Қазақстан облысы арнайы қадағалау тобына жіберілгенін хабарлады. 

Топ мүшелеріне өңір тұрғындары жиі хабарласып, жемқорлыққа қатысы бар деген істерді баяндап отырады екен. Шағымдардың көбі медициналық қызмет үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты. 

Загрузка...