4201

"Жуылмайды да, үтіктелмейді де" – Еліміздің басты туын кім, қалай қадағалайды

Астанадағы мемлекеттік символдар алаңына орнатылған Қазақстан Республикасының жалауын инженер-операторлардан құралған арнайы топ күтеді.
Фотография - "Жуылмайды да, үтіктелмейді де" – Еліміздің басты туын кім, қалай қадағалайды Сурет: ekaraganda.kz

Астанадағы мемлекеттік символдар алаңына орнатылған Қазақстан Республикасының жалауын инженер-операторлардан құралған арнайы топ жіті қадағалап отыр. Олардың міндеттеріне не кіретінін Today.kz сайтына тутұғыр операторларының бірі Нұржан Шоланов айтып берді. 

Нұржан туды осымен төртінші жыл күзетеді. Ол өзінің тутұғыршылар қатарына кездейсоқ тап болғанын айтады, бос жұмыс орнына келе қалған. 

Фото -

Тутұғыр операторы Нұржан Шоланов 

"Бұған дейін кім болып жұмыс істемедім десеңізші, көбіне көлік жүргізушісі болдым. Мына жақта маған туды түсіріп, көтеріп тұру керек екенін, туға күтім жасау керек екенін түсіндірді. Негізі ешқандай қиындығы жоқ. Келдім, ұнады. Қарапайым болғанымен, жұмысым үлкен жауапкершілікті талап етеді", – деді Нұржан. 

Елорданың ауа райына қарап отырып, туды қадағалау керек. Кез келген ауа райы туды бүлдіріп тастауы мүмкін, сондықтан үш адамнан тұратын операторлар тобы бірінші кезекте синоптиктердің болжамын күтіп отырады. 

Фото -

Тутұғыршылардың операторлары / Нұржан Шолановтың жеке мұрағатынан 

"Арнайы бағдарламамыз бар, одан бөлек "Қазгидрометпен" келісімге отырғанбыз. Кез келген дабылды ескерту болса, бізге айтады, өзіміз де бағдарлама арқылы көреміз. 

Егер секундына сегіз-тоғыз метрге жететін жел соқса, қар, жаңбыр жауса, туды бірден түсіреміз 

Ол жерге тиіп кетпеуі үшін тутұғырдың астында арнайы ойық бар, сол жаққа туды салып, сырмасын жауып қоямыз. Ауа райы қалпына келгенде туды қайтып көтереміз", – деді тутұғыршы.

Фото -

Нұржан Шолановтың жеке мұрағатынан 

Тутұғыр операторларының кеңселері, кабинеттері, басқа да жұмыс орындары жоқ.Олар нысанды қадағалау үшін үнемі алаңда болулары керек. 

"Тудың қасындағы көлікте отырамыз. Немесе полиция отыратын дүңгіршекте боламыз, олардың бекеттері бар. Жұмыс күніміз таңғы алтыдан бастап күн батқанша жалғасады. Түнде жел тұратын болса немесе жауын басталса, бірден туға келіп, оны түсіріп аламыз. Демалыс деген түсінік жоқ бізде", – дейді Нұржан. 

Фото -

Сурет Нұржан Шолановтың жеке мұрағатынан  

Бірдеңені қалт жіберіп қойған жағдайда, көзіқарақты азаматтар бірден әкімдікке хабар береді. 

"Кейде адамдар бізге қоңырау шалады, хат жазады.

Ту жыртылып қалған жағдайда оны айтады. Бірақ жағдай мынадай – жел жоқта ол өз-өзінен оралып, алыстан жыртылып қалғандай болып көрініп тұрады 

Біз келіп, туды түсіреміз, бәрі жақсы ма, жоқ па, тексереміз. Сосын желдің тұруын күтеміз, ту ашылған кезде суретке түсіріп, тудың жағдайы жақсы екенін айтып, әкімдікке есеп жібереміз", – дейді Нұржан.

Бір қызығы басты туды ешқашан жуып, үтіктемейді екен. 

"Оны жумаймыз, өйткені үлкен ту сыятын кір жуғыш машина пайда болған жоқ", – деп күледі әңгімелесушіміз.  

Фото -

Сурет Нұржан Шолановтың жеке мұрағатынан

Көлемі расымен адам таңғаларлықтай, аумағы – 450 шаршы метр, салмағы – 80 килограммның шамасында 

Бүгінде матасы Алматыда жасалатын болған, бірақ бұрын Түркиядан алдыртып жүрген. 

"Тутұғыр тұратын заттың биіктігі – 11 метр, тутұғыр тұрбасының өзі – 111 метр. Біз тутұғырымыздың биіктігі бойынша әлемде үздік ондыққа кіреміз. Ту жоғарыға көтерілуі үшін жарты сағат керек. Бізде бәрі батырма арқылы жасалады. Біздің міндетіміз – матаны арқанға жақсылап ілу. Бұл жұмыста да бәрін мұқият жасау керек, қай жағы оң, қай жағы теріс, дұрыстап ілуіміз керек, әйтпесе жоғарыдан төменге қарап қалуы мүмкін", – деді әңгімелесушіміз. 

Фото -

Сурет Нұржан Шолановтың жеке мұрағатынан 

Нұржан Шолановтың сөзінше, тутұғыршы жұмысы өзіне ғана емес, үш баласына да ұнайды. "Әкесінің жұмысынан" өтіп бара жатып, олар: "Бұл – әкеміздің туы!" деп айғайлайды екен. 

Естеріңізге салайық, еліміздің басты туы Астанадағы мемлекеттік символдар алаңында 2009 жылы пайда болды. Ол Астана күнінің құрметіне орай орнатылды.