2664

Мүлдем босаңсып кеттіңіздер! – Қарағанды қаласының әкіміне сөгіс жарияланды

Облыс әкімі 11-ші үйдің тұрғындарымен сөйлескен соң, аудан және қала басшылығына сын айтты.
Фотография - Мүлдем босаңсып кеттіңіздер! – Қарағанды қаласының әкіміне сөгіс жарияланды Сурет: Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Қарағандыны аралау барысында қала әкімі Нұрлан Әубәкіровке сөгіс жариялады, деп хабарлайды Today.kz Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Өңір басшысы қала шетін аралап шыққан соң осындай қатаң қорытынды жасады. Ерлан Қошанов контейнерлік алаңдардың айналасындағы қоқыс, абаттандыру жұмыстарының нашарлығына қатысты тұрғындар тарапынан шағым келіп түскен Майқұдық және Пришахтинск шағын аудандарының аулаларын көріп қайтты.

Жуырда жергілікті телеарнаның бірінде Пришахтинскінің 21-ші ықшам ауданның тұрғындары "100 аула" бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған абаттандыру жұмыстарының сапасына наразылығын білдірген бейне сюжет шыққан болатын. Тұрғындар ауланы қалыпқа келтіру барасында жарықтандыру жүйесі орнатылмағанына, қоқыс салатын контейнерлік алаңға баратын жолдың жоқтығына шағымданды.

Ерлан Қошанов жағдайды өз көзімен көру үшін осы аулаға барды. Облыс әкімі 11-ші үйдің тұрғындарымен сөйлескен соң, аудан және қала басшылығына сын айтты.

"Біз облыстық бюджеттен "100 аула" бағдарламасына ақша бөлдік. Ал сіздер олардың жұмсалуын қалай бақылап отырсыздар? Бұл бастама адамдарға ыңғайлылық сыйлау үшін құрылған. Алайда бұл аулада керісінше жағдай бұрыңғыдан да нашар болып отыр!" – деп Ерлан Қошанов наразылығын білдірді.

Фото -

Ол барлық ақауларды түзетуді талап етті. Осындай абаттандыру нәтижесінде Пришахтинск тұрғындары мектепке апаратын жолдардан айырылды. Бұрынғы асфальт алып тасталған, ал жаңасы сол беті төселмеген. Облыс әкімі бұл мәселеге қатысты да тәртіп орнатуды тапсырды. 

"Сіздерде өткен жылдан бері қалған қоқыс бүкіл қала бойынша жайылып жатыр. Кез келген аулаға барыңыз, санитарлық жағдайдан түршігуге болады! Мен мұндай лас Қарағандыны бұрын-соңды көрген емеспін! Мүлдем босаңсып кеттіңіздер", - деп Ерлан Қошанов қалалық билікке сын айтты. 

"Сізге, Нұрлан Ерікбайұлы, сөгіс жариялаймын", – деді облыс әкімі. 

Ол қала басшысы мен оның қарамағындағыларға нашар баға берді. Облыс әкімі қалалық мәслихаттың хатшысынан депутаттар бүкіл қаланы аралап, әкімдіктің жұмысына өз бағасын беруін өтінді.