887

АХҚО алаңында АҚШ-пен ауқымды жобалар бастауға септік болатын кездесу өтті

АХҚО жұмысы Оңтүстік Корея елінің өкілдеріне таныстырылған болатын.
Фотография - АХҚО алаңында АҚШ-пен ауқымды жобалар бастауға септік болатын кездесу өтті Cурет: АХҚО баспасөз қызметі

15 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласына іссапармен келген АҚШ-тың бизнес қауымдастығы “Астана” халықаралық қаржы орталығының жұмысымен танысып қайтты деп хабарлайды “Егемен Қазақстан”.

Орталықтың жетістіктері мен артықшылықтарын америкалықтардың назарына ұсынған АХҚО өкілдері АҚШ-тан ат терлетіп келген сыйлы қонақтарға Қазақстанның есігі айқара ашық екенін алға тартты.

“АХҚО инвесторларға етене таныс ыңғайлықтар ұсынады, оның ішінде ағылшын құқығы да бар. Осы орайда, Қазақстанда өзіне жаңа мүмкіндіктер ашуды көздейтін америкалық бизнес өкілдеріне есігіміз айқара ашық екенін айтқым келеді”, - деді АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов.

Айта кетсек, “Бәсекеге қабілеттілік” атты үшінші қазақстандық форумның аясында өткен аталмыш екіжақты кездесуді Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мен халықаралық өзара түсіністік бойынша АҚШ кәсіби кеңесі бірлесе ұйымдастырып отыр. Кездесуді ұйымдастырудағы басты мақсат – екі ел арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастықты дамытып, тәжірибе алмасу.

Форумға АҚШ-тың 40-тан астам бизнес элитасы, оның ішінде ауылшаруашылығы, энергетика, қаржы, денсаулық, ақпараттық технологиялар, туризм және өзге де салаларда бірігіп, инвестициялық жобаны жүзеге асыруды көздейтін америкалық компаниялардың өкілдері қатысты.

Атап айтқанда, Coca-Cola, The Bassiouni Group, Nalco Water, Tyson Foods, The Wicks Group Consulting LLC және өзге де әлемді аузына қаратқан белді компаниялардың өкілдері АХҚО мүмкіндіктерінің куәсі болып қайтты. 

Еске салсақ, бұған дейін АХҚО жұмысы Оңтүстік Корея елінің өкілдеріне таныстырылған болатын.