669

Бауыржан Байбек "Nur Otan"-ның айтысты қайта қолға алатынын айтты

"Nur Otan" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барды.
Фотография - Бауыржан Байбек "Nur Otan"-ның айтысты қайта қолға алатынын айтты Сурет: Nur Otan

"Nur Otan" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барды6 деп хабарлайды Today.kz аталған партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Сапар барысында ол партияның облыстық активімен кездесіп, алдағы мақсат-міндеттерге тоқталып өтті. Сондай-ақ аймақтың белсенді жастарымен арнайы кездесіп, партияның жас буынмен жұмысы жаңа деңгейге көтерілетінін жеткізді.

Конференция барысында Бауыржан Байбек уақыт өткен сайын қоғамда өзгерістерге сұраныс артып келе жатқанын айтты.

"Халық қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатыса бастады. Бұл үдеріске заманауи коммуникациялар да тың серпін беруде. Жаңа саяси технологиялар өміріміздің ажырамас бір бөлігіне айналды. Бұл бүкіл әлемді қамтып отырған жаһандық үрдіс. Сондықтан қазіргі таңда осы трендтерді игеріп, өзінің жұмысын жаңа үрдістермен байланыстыра білген ұйымдар ғана жетістікке жетеді", – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.

"Партия ішінде қоғамды толғандыратын өзекті мәселелердің барлығы айтылуы керек. Қазақстандағы барлық саяси партиялардың, үкіметтік емес және кәсіподақ ұйымдарының қатысуымен сындарлы диалог кеңістігін құру қажет. Ол тек саясатты ғана емес, әлеуметтік, экономикалық, экологиялық салалармен барлық өзекті мәселелерді қамтуы тиіс", – деді Бауыржан Байбек.

Жиын барысында аймақтарда бастауыш партия ұйымдары мен қоғамдық қабылдаулардың әлеуетін тиімді пайдалану мәселесі де сөз болды. Олар ұсынған деректер негізінде халықтың әлеуметтік ахуалына талдау жасалып, сол арқылы әлеуметтік саясаттың басым бағыттары анықталмақ. Мұндай жұмыстың жаңа екпін мен тың серпінді талап ететіні анық. Сондықтан партия Төрағасының Бірінші орынбасары әріптестеріне үздік шетелдік тәжірибелерді көбірек үйреніп, қолдануды тапсырды.

Бауыржан Байбек партиялық жұмыс барлық әлеуметтік топпен бірдей жүргізілуі керектігіне де назар аударды.

"Бұл істе жобалық – нақты бағыттағы тәсілдер қолданылуы тиіс. Жастар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, әлеуметтік аз қамтылған топтар, көп балалы аналар және жұмыссыздармен тікелей жұмыс істейміз. Қазірдің өзінде партияның нақты топтарға бағытталған жақсы әлеуметтік жобалары бар", – деді ол.

Айтыскер ақын Мұхтар Ниязов төл өнерімізді қолдап, айтысты қайта жандандыру жайында өз ұсынысын білдірді. Мұндай ұсынысты ризашылықпен қабыл алатынын айтқан Бауыржан Байбек партияның алдағы уақытта айтысты қолға алып, оның дамуына жағдай жасайтынын айтты.

"Партияның қолдауымен енді ай сайын әр өңірде айтыс ұйымдастырылады. Оның алғашқысы күзде Алматыда өтеді. Ақындарымыз қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық айтуы тиіс. Бірақ барлығы конструктивті болуы қажет", – деді Бауыржан Байбек.