Әбдімәлік Манапұлы: «Немеремді Қытайға жібермедім»

Фотография - Әбдімәлік Манапұлы: «Немеремді Қытайға жібермедім»

Жансая – әлемдік шахмат тарихындағы қайталанбас жас таланттардың бірі

253 0

Бұл туралы қазақтан шыққан вундеркинд, әлемді бірнеше рет бағындырған шахматшы қыз Жансаяның атасы Әбдімәлік Манапұлы әңгімелейді. 

Жансая Қытайдың азаматтығын алып, он жылға келісім-шарт жасаса, жыл сайын бір миллион АҚШ долларын төлейтінін де айтты. Негізі мен қытайлардан қорқамын. Он жылдан кейін қызым ол жақтан қайта ма, қайтпай ма деп уайымдадым. Әрі қазақтың қызы тек Қазақстанның атын шығаруы керек деген шешімге келіп, ұсыныстарынан бас тарттық. Аллаға шүкір, Жансаям елінің сүйікті қызына айналды.

Шахматтан әлемнің төрт дүркін чемпионы әрі ең жас халықаралық дәрежедегі спорт шебері Жансая Әбдімәлік Шымкентке келді. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты ұжымының шақыруымен арнайы келген ол студенттермен және жанкүйерлермен кездесіп, оларға шеберлік сыныбын өткізді.

Жансая – әлемдік шахмат тарихындағы қайталанбас жас таланттардың бірі. Он үш жасқа енді толған қыз жасөспірімдер арасында Азияны бірнеше рет мойындатты. Төрт рет әлем чемпионы атанды. Дүбірлі додаларда жиырма жастағы халықаралық дәрежедегі гроссмейстерлерді де ұтып, мамандарды таңқалдырды. Талантты қызды арнайы шақырып, құрмет көрсеткен ОҚМПИ ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңалбай Аяшев Жансаяға институттың грантын табыстап, әр ай сайын стипендия төленіп тұратынын жеткізді.

- Біз Жансаямен мақтануымыз керек. Өйткені, бұл қызымыз әлемді мойындатып, елдің атын шығарды. Елбасы жуырда Жансаяны құттықтап, оның әрбір жеңісін қадағалап отырғанын айтты. Осындай талантты жастарды құрметтеп, үлгі ету арқылы қазақстандық патриотизмді қалыптастырамыз. Бүгін Жансаяны оқу ордамызға қабылдадық. Институт құрамында Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат орталығын ашудамыз. Ол заман талабына сай жабдықталатын болады. Бұл орталыққа қызымыз жиі келіп, сайыс өткізіп, жергілікті шахматшылардың шеберлігін шыңдайды деген ойдамыз. Сосын институт атынан жыл сайын Жансаяның елімізде немесе шетелдегі мықты демалыс орындарының біріне демалып тұруына демеуші боламыз. Мұндай мектептер еліміздің барлық облыстарында ашылуы тиіс. Бүгін сол игілікті істі бастадық. Осы арқылы институт студенттері, Оңтүстіктің жастарын шахматқа, өнерге, спортқа баулуды мақсат етіп отырмыз, - деді Оңалбай Аяшұлы.


Әсерлі жүздесуде Жансая оқу орынының ұстаздары мен студенттерінің сұрақтарына жауап берді. Көзінде нұр ойнаған сүп-сүйкімді қарындасымыздың ерте есейгені байқалып тұр. Әрбір сөзі мірдің оғындай.

- Шахмат үйірмесіне 6 жасымда келдім. Оған әкемнің ықпалы болды. Ол кісі де шахматшы. Алдымен Алматы қаласының жеңімпазы болдым. Одан кейін Азия және әлем біріншіліктерінде жеңіске жеттім. Ендігі мақсатым - БАӘ елінде өтетін әлем біріншілігінде топ жару. Халықаралық дәрежедегі гроссмейстер атағына тиісті ұпай қорын жинадым. Мен жеңіске жетуді, медаль ұтып алғанды жақсы көремін. Шахмат - менің өмірім. Күніне 8 сағат жаттығамын. Оның 6 сағаты шахмат тақтасында өтсе, 2 сағатты жүгіру, суға жүзу, коньки тебуге жұмсаймын. Арманым - әйелдер арасында да, ерлер арасында да әлем чемпионы атану және депутат болу, - деген Жансаяның сөзіне қол соққан көпшілік «Тіл көзіміз тасқа»,-десті. Жансаяның әкесі Данияр Әшіров те бірқатар сұрақтарға жауап берді. Бұл клубтың жастарға берері көп екенін айтқан ол Оңтүстік Қазақстан шахмат мектебінің беделі жоғары екенін тілге тиек етті.


Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат клубының шырайлы Шымкентте ашылуы да тегін емес. Өйткені, оның атасы Әбдімәлік Манапұлы мен өзге туыстары осында тұрады. Әкесі Данияр Шымкентте туып-өскен, анасы Алма да осы өңірдегі оқу орнын тәмамдаған. Әлемдегі ең жас шахмат ханшайымының атасы, ОҚМПИ-дің құрметті ұстазы, білікті химик, техника ғылымының докторы Әбдімәлік Манапұлы немересі туралы әңгімелеп берді.

- 2000 жылы ұлым Данияр қызды болғанын айтып, оның есімін қоюымды өтінді. «Мен қыз бала ғой, өздерің бір атты қоя салыңдар» деп едім ұлым «Сонда сізге ұл немере, ал қыз немере емес пе?» деп ренжігендей болды. Сол түні бабам түсіме еніп: «Сенің атыңды осы немерең әлемге танытады» деді. Түнгі төртте шошып ояндым. Бабам Меккеде Құрбан Айт намазын оқу үстінде қайтыс болған діндар кісі болған екен. Содан ұлыма қоңырау шалып, қартайғанда жаныма сая болсын деп немеремнің есімін - Жансая, тегін - Әбдімәлік деп жаздырдым. Немеремді қытайлықтар өз елдеріне шақырды. Осы елдің азаматтығын алып, он жылға келісім-шарт жасаса, жыл сайын бір миллион АҚШ долларын төлейтінін де айтты. Негізі мен қытайлардан қорқамын. Он жылдан кейін қызым ол жақтан қайта ма, қайтпай ма деп уайымдадым. Әрі қазақтың қызы тек Қазақстанның атын шығаруы керек деген шешімге келіп, ұсыныстарынан бас тарттық. Аллаға шүкір, Жансаям елінің сүйікті қызына айналды. Елбасы Алматыдан үш бөлмелі пәтер бергізді, ай сайын қомақты жалақы алып тұрады. Ең бастысы, қазақ халқының атын әлемге шығарып, жеңісті жолды жалғастыруда. Одан артық қандай бақыт керек?,- деді Әбдімәлік ақсақал. Жұртшылықпен емен-жарқын әңгімелесіп, сауалдарға жауап берген чемпион қызға институт ректоры О.Аяшев ноутбук тапсырып, алдағы сайыстарда сәттілік тіледі.

Осы күні бір мезгілде он шақты адаммен сеанс-бәсеке өткізген Жансая қарсыластарының бәрінен басым екенін дәлелдеді. Арасында шахматты әжептеуір меңгерген институт мұғалімдері мен студенттері бар еді. Кіп-кішкентай сүйкімді әрі зерек қыздан ұтылған азаматтардың жүздерінен жеңілістің емес, қуаныштың лебі байқалып тұрды. Өйткені, олар 14 жасқа дейінгі жер шарының ең мықты шахматшысына емтихан тапсырып, шеберлігін шыңдау бақытына ие болды. Шымкентке келіп, өз атындағы шахмат клубының алғашқы қонағы болған Жансая Әбдімәлік жанкүйерлерімен естелік суретке түсіп, қолтаңба берді.


Тегтер:

спорт

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!