«Арландар» айызымызды қандырды

Фотография - «Арландар» айызымызды қандырды

WSB додасының аясында Алматыда "Украина атамандарын" қабылдаған "Астана арландары" 4:1 есебімен жеңіске жетті

191 0

WSB додасының аясында Алматыда "Украина атамандарын" қабылдаған "Астана арландары" 4:1 есебімен жеңіске жетті. "Бұл менің туған күніме жасалған керемет сыйлық", - деп ағынан жарылды осы күні 50 жас мерейтойын атап өткен "арландардың" бас бапкері Сергей Корчинский.

    Мұндай жекпе-жек кешін көрмегенімізге көп болған. Рас, бұрынғы айқастар да қызықты болатын. Бірақ бұл жолы, асыра сілтегеніміз емес, барлық жұдырықтасу шектен тыс тартысты өтіп, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына жиналған қалың көрерменнің делебесін қоздырды, тамақтарын қарлықтырды, бойларына қан жүгіртіп, адреналиндерін ойнатты. Бәрін ретімен бастайық.

   Алдымен шаршы алаңға ең жеңіл салмақтағы боксшылар шықты. «Атамандардың» намысын жалғыз легионері Александр Рышкан қорғаса, «арландар» Мирас Жақыповқа арқа сүйеді.

    Жерлесіміз қарсыласына қарағанда бойшаң, қолы да ұзын. Осы артықшығлығын өз пайдасына керемет пайдаланып, Рышканды жанына жақындатқан да жоқ. Шабуыл жасаса болды, сол қолын сілтеп қалып, оң қолымен қарсы алып отырды. Молдовалық боксшының ішке ентелей еніп, иектің астынан соғамын деген ойлары да іске аспады.

    Жақыповтың жарқын жеңісінен кейін шаршы алаңға команда капитаны Самат Бәшенов беттеді. Былтыр екі рет жұдырықтасып, біреуінде жеңіліп қалған. Биыл бір айқас өткізіп, доданың үздіктерінің бірі Анвар Юнузовты тізерлеткен. Алайда, шыны керек, жекпе-жек алдында мамандар тарапынан «Самат бабына әлі келе алмай жүр», - деген сынды пікірлерді жиі еститінбіз. Дегенмен, бұл жолы команда капитаны көпшілік күткен бокс мәнерін көрсетіп, көрермендердің де, бапкерлердің де көңілдерінен шықты. Әсіресе, қарсыластың шабуылына тойтарыс беруі керемет екен. Әр шабуылы көз көгерумен аяқтала бергеннен кейін айқас соңында Руденко тіпті, алға қадам жасаудан да қалды.

    Екі қазақтың керемет жеңісінен кейін легионерлеріміз де желпіндірер деп ойлағанбыз. Өкінішке қарай, израильдік легионеріміз Константин Снигурдың шамасы украиналық Иван Голубке жетпеді. Жоқ, шамасы келер еді-ау, бұған дейінгі екі айқасында да жеңіске жеткенімен «атаманның» алып бара жатқан мықтылығын көрмедік. Костяның өзі жұдырықтаспай, ойнақшып жүріп алды. Ал актерлік қабілеті үшін бокста ұпай қоспайтыны белгілі. Сөйтіп, алғашқы раундтарда есе жіберіп қойды да, соңында қуып жете алмай қалды.

    Ал Эхсан Роузбахани ерледі. Киевтегі жеңілістен кейін әлі қаһарында екен. Естеріңізде шығар, аталмыш командалардың Украина астанасында өткен кездесуі кезінде Роузбахани «атамандардың» тағы бір өкілі Денис Пояцикамен жұдырықтасып, тіпті ногдаунға түсірген. Істін насырға шапқанын сезген Пояцика сол кезде шынтағымен түртіп қалып, Эхсанның қабағын жарған болатын. Ал төрешілер жеңісті Роузбаханиден тартып алып берген. Міне, командаласы үшін Денис Солоненко «жауапқа тартылды». Солоненконың әбден сілікпесін шығарған парсы боксшысы «атаманның» қабағын жарып, кегін осылайша қайтарды.

    Ал аса ауыр салмақ дәрежесіндегілер арасындағы айқаста Руслан Мырсатаев кезекті рет айызымызды қандырды. Өзінен 15 келі ауыр, бойы да ұзын Украина алыбын құлаштаған соққының астына алып, есінен де тандырды.

    Қорытынды есеп 4:1, «арландар» «атамандардың» ақырына жетпесе де, турнир кестесіндегі жағдайын одан әрмен қиындатып жіберді. Енді жерлестеріміз келесі кездесуін қаңтардың 31-інде түзде «АҚШ нокаутшыларына» қарсы өткізеді.


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!