Соққы жеп, сабасына түсті

Фотография - Соққы жеп, сабасына түсті

Осыдан бірер күн бұрын кәсіпқой рингте Геннадий Головкиннен оңбай таяқ жеген америкалық Габриэль Росадо күні кеше БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, қазақстандық боксшының қаншалықты қарулы екенін тамсана әңгімеледі

182 0

Осыдан бірер күн бұрын кәсіпқой рингте Геннадий Головкиннен оңбай таяқ жеген америкалық Габриэль Росадо күні кеше БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, қазақстандық боксшының қаншалықты қарулы екенін тамсана әңгімеледі.

Естеріңізде болар, осы кездесу қарсаңында Росадо: «Головкиннің жолы мен секілді хас шебермен әлі қиысқан жоқ. Үнемі жеңіске жетіп жүргені де сондықтан. Бұл жолы мен оны ойсырата ұтамын. Оған күмәндарыңыз болмасын. Гена ары кетсе, сегіз-тоғыз раунд шыдауы мүмкін» деп көпіре сөйлеген еді. Қазақ­та «Аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі» деген аталы сөз бар. Соған құлақ түр­меген АҚШ боксшысы опық жеді. Нью-Йорктегі әйгілі «Медисон Сквер Гарден» кешенінде өткен жекпе-жекте Гена Габриэльді көкала қойдай сабады. Қабағы жарылып, бетін қан жуған ол рингтің бесінші бұрышын іздеп кетті. Жетінші раундта Росадоның бапкерлері рингке ақ орамал тастап, өз шәкірт­терінің жеңілгенін мойындады. Бір-екі күннен кейін есін жиған 26 жастағы америкалық боксшы журналистердің басын қосып, өткен жекпе-жек жайында былай деп әңгімеледі: «Головкинді соншалықты қарулы жігіт деп мен еш ойлаған жоқ едім. Сондықтан да өзімнің жеңетініме сенімді болдым. Бірақ ол нағыз дүлей күш иесі екен. Оның тегеурі­ніне шыдас беру мүмкін болмады. Менің ойымша, бұл күндері орта салмақта жұдырықтасып жүрген жігіт­тердің ешқайсысы Генаны ұта алмайды. Менің оған анық көзім жетті».

Өзінің кезекті кездесуін Геннадий Головкин 30 наурыз күні Еуропа мемлекеттерінің бірінде өткізуді көздеп отыр. Жерлесіміздің қарсыласы кім болатыны әзірге белгісіз.


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!