Боз кілемде - қазақ классиктері

Фотография - Боз кілемде - қазақ классиктері

Бүгін таңға жақын грек-рм күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының балуандары АҚШ-та өтіп жатқан Дейв Шульц мемориалын жоғары нәтижемен аяқтады

267 0

Бүгін таңға жақын грек-рм күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының балуандары АҚШ-та өтіп жатқан Дейв Шульц мемориалын жоғары нәтижемен аяқтады. Бұл туралы Қазақстан күрес федерациясының ресми сайты хабарлайды.

55 келіде сынға түскен шымкенттік Нұрсұлтан Қалмұрзаев Қазақстан-АҚШ кездесуінде алған жарақатына қарамастан, финалға дейін сүрінген жоқ. Алайда, ақтық сыннан бас тартуға мәжбүр болды. Сондықтан, бұл салмақтағы жеңісті қытайлық Авен Фан финалдық сында белдеспей-ақ, жеңіп алды. Анығында, бұл жеңісті біз өзіміз сыға тарттық деуге негіз бар.

60 келіде Лондон Олимпиадасының қатысушысы, әлем чемпионаттарының күміс және қола жүлдегері Алмат Кебіспаев ел намысын қорғады. Алмат финалда тағы бір қытай балуаны Феху Ванның жауырынын жерге тигізді. 2009 жылы Кебіспаев тап осы қытайлық балуаннан ұтылып қалған.  Енді, міне, арада үш жыл өткенде есе қайтаратын да күн туды.

"Былтыр Лондондағы сәтсіздікті айтпағанда, өз жерімізде өткен Президент кубогы додасында да алтын ала алмай, көңілім құлазып жүрген. Құдайға шүкір, биылғы жыл жеңіспен басталды. Енді осы қарқында жалғастыруға тырысамын" дейді Алмат күрес федерациясының ресми сайтына берген сұхбатында.

66 келіде Ербол Қоңыратов пен Асхат Жаңбыров кілемге шығып, алғашқысы финалға дейін жетті. Алайда, Азия чемпионы Ерболға алтын бұйырған жоқ. Ақтық сында ол қытайлық Шиху Вангтан жеңіліп қалды. Асхат болса, алғашқы айналымда жапон балуанына есе жіберген еді.

74 келіде Досжан Кәртіков есімді талантты қазақ  балуаны топ жарды. Финалда швед Шарур Варданянды тізе бүктірген Досжан турнир барысында ешқандай қиындық сезінбегенін айтады. Осы салмақта Мақсат Ережепов те белдескен. Алайда, ол алғашқы айналымда ұтылып қалды.

84 келіде Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Даниял Гаджиев белдесіп, финалға дейін қарсыластарына амал қалдырмаған. Бірақ, жарақаты сыр беріп, ақтық сында белдесуден бас тартты да, жеңіс кілем иесі Джордан Холлға берілді. Бұл салмақта тағы бір балуанымыз Алхазур Өздиев те бақ сынаған. Алайда, қола жүлде үшін тартыста литвалық Александр Казакевичтен айла асыра алмады.

96 келі салмақтағы Жанарбек Қабдоловтың қола жүлдегер атанатын мүмкіндігі бар еді. Алайда, швед Фредрик Шон алдырмады.

Аса ауыр салмақтағы алыптар бәсекесін біз  асыға күттік. Себебі, Нұрмахан Тінәлиевтің Лондондағы сәтсіздіктен соң, алғаш рет халықаралық турнирлерге қатысуы еді бұл. Оның үстіне, Олимпиадада біздің балуанды оп-оңай ұтып алған швед Юхен Эурен де осы сайысқа арнайы ат басын бұрған. Біз күткендей, финалға Нұрмахан да, Эурен де шықты. Бірақ, жеңіс тағы да бұйырмады. Негізінен, ұпай мәселесі төрттағанда шешіліп, Тінәлиев алдымен қарсыласын кілемнен жұлып алды. Екінші кезекте Эурен де біздің жігіттен айла асырып, төрттағаннан ұпай алды. Ал, Нұрмахан екінші мүмкіндігінде Юхенді орнынан қозғай алмады да, швед балуаны тағы да қамшы салдырмай кетті.

Дейв Шульц мемориалы, жалпыкомандалық есеп:

1. ҚАЗАҚСТАН - 38 ұпай

2. Қытай - 20 ұпай

3. Литва - 17 ұпай

Мінеки, Таңат Сағындықовтың үшінші рет кіріскен бас бапкерлік қызметі биыл осындай жаңалықтармен басталды. Ендігі кезек еркін күрес балуандарында.


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!