Қырғыз рингінен 11 жүлде өңгеріп қайттық

Фотография - Қырғыз рингінен 11 жүлде өңгеріп қайттық

Жақында Бішкекте бокстан Кеңес Одағының Батыры Дуйшөнкул Шопоқов­ты еске түсіруге арналған халықаралық дәстүрлі турнир болып өтті

141 0

Жақында Бішкекте бокстан Кеңес Одағының Батыры Дуйшөнкул Шопоқов­ты еске түсіруге арналған халықаралық дәстүрлі турнир болып өтті.

Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ре­сей, Қытай боксшылары қатысқан ха­лық­аралық турнирде біздің бірнеше өңі­рі­міздің былғары қолғап киген қырандары бақ сынады. Осымен ХХХVІІ рет өткен дәс­түрлі турнир бес күнге созылып, қырғыз шар­шы алаңында 200 боксшы өз өнерін паш етті.

Бұл турнирде Қазақстан боксшылары 2 алтын, 5 күміс, 4 қола жүлде жеңіп алып, жалпы командалық есепте үшінші орынға ие болды. 64 келіде Аслан Шынбергенов, ал 69 келіде Сағадат Рахманқұлов теңдес­сіз шықты. Екеуі де – Тараз қаласының боксшылары.


Ақтық айқаста ұтылып, екінші орынға ие болған жігіттеріміз: Мәди Шолақов (60 келі, Ақтөбе), Абзал Құттыбеков (75 келі, Шымкент), Жандос Жақсылықов 81 келі, Петропавл), Марат Молдагереев (91 келі, Ақтөбе), Игорь Шанин (+91 келі, Петропавл).

Жартылай финалда сүрініп, қола жүлде иеленген боксшыларымыз: Жомарт Ержан (49 келі, Шымкент), Азат Қамзин (52 келі, Астана), Жанболат Қыдырбаев (56 келі, Тараз) және Асхат Жеңісбеков (64 келі, Қызылорда).

Бұл турнирде командалық есепте бірінші орынды Қырғызстан иеленіпті. Шаршы алаң иелері 5 алтын, 4 күміс, 9 қола, яғни барлығы 18 жүлдені өз елде­рінде алып қалыпты. Жалпы командалық есепте екінші орынға орналасқан өзбек­тердің еншісінде – 3 алтын, 2 қола. Әйтсе де жүлде саны жағынан біздің боксшылар өзбектерден асып түсіп отыр.

Біз қырғыз бауырларымыздың осынша жүлде алғанына таңғалып, осы халық­ара­лық турнирге барып, қазылық етіп қайт­қан АIBA-ның халықаралық дәреже­дегі төре­шісі, КСРО спорт шебері Рахат Нұр­пе­йісовті сөзге тартқан едік.

– Әрине, бұл турнир өз жерлерінде өт­кен­діктен қырғыздардың өз мүдделерін күйттеп, қонышынан басқан тұстары бол­ды. Мысалы, финалда біздің Мәди Шола­қов пен Игорь Шанин ұтылған жоқ еді. Еке­уі де өз қарсыластарынан басым түсті. Бірақ төрешілер шешімі мүлде басқа бол­ды. Екеуінде де қарсыластарының қолы көте­рілді. Сөйтіп, 60 келіде қырғыз бокс­шысы – Әділет Бекеев, ал ең ауыр салмақта өзбек алыбы Изатулло Эргашев жеңімпаз болып танылды. Маған ұнамағаны – біздің елден барған екі өңірдің боксшыларының мүлде жүлдеге іліге алмауы. Алматы және Алматы облысының жігіттері Бішкектен жүлдесіз қайтты, – деді ардагер бокс маманы.

  Аталған бәсекеде боксшылары қарымды Ре­сей мен Қытай алтын жүлде ала алмаса, Тәжікстан мүлде жүлдесіз қалған. Ресей 1 күміс пен 1 қоланы қанағат тұтса, Қытай төрт қоламен шектеліпті.


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!