«Арландар» «қырандардан» қарымды екен

Фотография - «Арландар» «қырандардан» қарымды екен

Алматыда «Астана арландары» мен «Герман қырандары» арасында WSB аясындағы боксшылар кездесуі аяқталды

165 0

Алматыда «Астана арландары» мен «Герман қырандары» арасында WSB аясындағы боксшылар кездесуі аяқталды. Бұл екі команданың да топтық кезеңдегі соңғы кездесулері болатын. Қазақстан клубы 4:1 есебімен жеңіске жетіп, өз тобында бірінші орынға ие болды.

«Астана арландары» (Қазақстан) – «Герман қырандары» (Германия) – 4:1

Ең жеңіл салмақ (50-54 келі):

Мирас Жақыпов (Қазақстан) — Николае Андреаина (Румыния) – 47:48, 47:48, 46:49

Бұл жекпе-жекте Мирас қарсыласына басымдық таныта алмады. Бірінші раундта тәп-тәуір жұдырықтасқанымен, одан кейін қарсыласын өзіне жақын жіберіп, оның қоян-қолтық айқасуына мүмкіндік беріп қойды. Бойы мен қолының ұзындығын кәдеге асырмады. Ұтылды. Бірақ осындай терезесі тең өткен айқаста... әлбетте төрешілер жеңісті жергілікті боксшыға беріп жатушы еді... Ал бұл жолы төрешілер қара қылды қақ жарп, әділетті болды...


Жеңіл салмақ (57-61 келі):

Ержан Мусафиров (Қазақстан) – Роберт Харутянян (Германия) – TKO-I R2 02:59

Бірінші раундта Ержан ширақ қимылдады. Қызық болғанда, екінші раундқа тамырында армян қаны соққан неміс боксшысы ортаға шыққан жоқ. Техникалық нокаут. Жеңіс Ержанға берілді.

Орта салмақ (68-73 келі):

Константин Снигур (Израиль) – Василий Белоус (Молдова) – 50:44, 49:45, 50:44

Бұл жекпе-жекте бәрі түсінікті. Жеңген соң осылай жеңу керек қой. Константин Молдованың ұзынтұра боксшысының мұрнын бұзып, бет-ауызын қызыл-жоса қан қылды.

 

Жартылай ауыр салмақ (80-85 келі):

Эхсан Роузбахани (Иран) – Серге Мичел (Германия) – 50:45, 50:45, 50:45

Жартылай ауыр салмақтағы айқаста Эхсан жеңіске жетті. Айқын басымдық танытпаса да,  соққыларын діттеген жеріне тигізе білді. «Ақырын жүріп, анық бас» қағидасын ұстанғандай.


Аса ауыр салмақ (91+ келі):

Руслан Мырсатаев (Қазақстан – Эрик Бречлин (Германия) – TKO

Нокаут! Руслан немістің дәу сары алыбын ұзынынан түсірді. Өзінен біршама биік, едәуір ауыр боксшыны екінші раундта тықсырып, құлаштай ұрып, жалп еткізді. Неміс боксшысы да Русланның осындай пәрменді бір соққысын күтіп жүрген бе, құлақ шекесінен қазақ  тың қайсар ұлының жойқын соққысы тигенде, мұрттай ұшып, жата қалды...


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!