Сочидің 26 жолдамасы қанжығада, меже - 40

Фотография - Сочидің 26 жолдамасы қанжығада, меже - 40

Қазақстан 2014 жылы ақпан айында Сочи қаласында өтетін қысқы олимпиада ойындарына 26 жолдама алып үлгерді.

226 0

Қазақстан 2014 жылы ақпан айында Сочи қаласында өтетін қысқы олимпиада ойындарына 26 жолдама алып үлгерді.

Ал спорт және дене шынықтыру істері агенттігі 40 жолдама алудан үмітті, деп хабарлайды «Аламан».

Ресейдің Сочи қаласында өтетін қысқы олимпиадаға жолдама ұтып алу жарыстары 2012 жылдың қараша айынан басталған еді.

Қазақстан алғашқы лицензияны 2012 жылы қазанда шаңғымен тұғырдан секіру спорты бойынша жеңіп алды.


ОН ШАҢҒЫШЫ МЕН ЕКІ МӘНЕРЛЕП СЫРҒАНАУШЫ

Ал жақында Канадада мәнерлеп сырғанаудан өткен  әлем чемпионатында қазақстандық Денис Тен күміс жүлдегер атанды.

Осы нәтижеден кейін халықаралық коньки федерациясы Қазақстанға екі жолдама берді. Енді Сочи олимпиадасына Денис Тен мен Абзал Рақымғалиев қатысады. Тен әлем чемпионатындағы жетістігінен кейін халықаралық коньки ​​федерациясы жариялаған рейтингте бірден он жетінші орыннан алтыншы орынға көтерілді.

Шаңғымен жүгіруден Италияның Валь Ди Фомме қаласында өткен әлем чемпионатында Қазақстан спортшылары Алексей Полторанин мен Николай Чебатько командалық спринтте қола жүлде алған еді. Кейін Полторанин 50 шақырымдық марафондық жарыста тағы бір қола медаль иеленді.


БИАТЛОННАН - ОН, КОНЬКИДЕН - ҮШ ЖОЛДАМА

Биатлоннан да биылғы жарыс маусымы аяқталды. Әлем кубогы мен әлем чемпионатының қорытындысы бойынша, Қазақстан Сочиге он жолдама алды. Он лицензия ерлер мен әйелдерге тең бөлінген. Жолдама жеке спортшыларға емес құрамаға берілгендіктен олимпиадаға қатысатын биатлоншылардың есімін бапкерлер кеңесі жариялайды.

Конькимен жүгіру спортынан әлем кубогы қорытындысы бойынша Қазақстан үш лицензия ұтты. 1000 метрлік қашықтыққа жүгіруден Денис Кузин, 5000 метрге жарысуда Дмитрий Бабенко Сочи олимпиадасына қатысу құқығын жеңіп алды. Әйелдер арасында Екатерина Айдова (1000 метрге жүгіру) Сочиге барады.

Қазақстан коньки федерациясы наурыздың 21-і мен 24-і аралығында өтетін әлем чемпионаты кезінде тағы үш жолдама алуды жоспарлап отыр.

Қазір фристайл, сноуборд, шорт-трек, шаңғымен тұғырдан секіру спорттарынан олимпиадаға жолдама беретін жарыстар әлі өтіп жатыр.

Ал хоккейден Қазақстан ерлер және әйелдер құрамасы олимпиада ойындарының лицензиясын ала алмады. Ерлер құрамасы іріктеу жарысының шешуші ​​ ойынында Латвиядан ұтылып, жолдамадан айырылды. Әйелдер құрамасы Германия, Қытай, Чехиямен бір жолдамаға таласып, барлық ойында жеңіліп қалды.

Қазақстан спорт және дене шынықтыру істері агенттігі 2014 жылы өтетін Сочи олимпиадасына барлығы 40 жолдама алуды жоспарлап отыр.

2010 жылы Ванкуверде өткен қысқы олимпиада ойындарына Қазақстан атынан 39 спортшы қатысып, биатлоншы Елена Хрусталева ғана күміс медаль алған еді.


Тегтер:

спорт

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!