Құрлықтық сайысты классиктер бастайды

Фотография - Құрлықтық сайысты классиктер бастайды

6 күнннен кейін Нью-Делиге алғашқы командамыз аттанады. Үндістанда ересектер арасындағы Азия чемпионаты өтеді. Бұл біздің балуандар үшін Лондондағы Олимпиада Ойындарынан кейін жеке есептегі алғашқы ресми біріншілік.

304 0

6 күнннен кейін Нью-Делиге алғашқы командамыз аттанады. Үндістанда ересектер арасындағы Азия чемпионаты өтеді. Бұл біздің балуандар үшін Лондондағы Олимпиада Ойындарынан кейін жеке есептегі алғашқы ресми біріншілік. 

  Жарыс бағдарламасы бойынша 17-сәуір күні грек-рим күресінен 55 кг, 60 кг, 66 кг және 120 кг салмақ дәрежелері бойынша салмақ өлшеу рәсімі өтеді. 18-сәуір белдесулер басталса, ертеңіне 74 кг, 84 кг және 96 кг балуандары кілемге шығады. Қазіргі уақытта құрама Алматыда жаттығу жиынын өткізуде.

  Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының соңғы 5 жылдағы Азия чемпионатында көрсеткен нәтижесіне тоқталуды жөн көрдік. 2008 жылы Чеджу-Исландта (Корея) балуандарымыз 5 медаль еншіледі: Марғұлан Әсембеков (96 кг) пен Георгий Цурцумия (120 кг) күміс жүлдегер атанса, Ермек Көкетов (55 кг), Ербол Қоңыратов (60 кг) және Андрей Самохин (84 кг) қолаға қол жеткізді.

  2009 жылы классиктеріміз Паттаядан (Тайланд) 6 жүлде алып келді. Дархан Баяхметов 66 келіде жеңімпаз атанса, Алмат Кебіспаев (60 кг), Андрей Самохин (84 кг) және Марғұлан Әсембеков (96 кг) ақтық сында жеңіліп, күмісті қанағат тұтты, ал Асқат Құдайбергенов (55 кг) пен Роман Мелешин (74 кг) үшінші орынға көтерілді.

  2010 жылы Нью-Делиде нәтиже төмендей түсті. Айбек Еңсеханов (66 кг) екінші, Марат Гарипов (55 кг) және Марғұлан Әсембеков (96 кг) үшінші орын алды.

  2011 жылы Ташкентте Алмат Кебіспаев (60 кг) сары құрлық чемпионы атанса, Бейбіт Нұғыманов (66 кг) пен Асқат Ділмұхамедов (74 кг) қоланы қанжығаларына байлады.

  2012 жылы Гумида (Корея) Қазақстан құрамасының қоржынына 5 жүлде түсті, онымен қоса 60 келідегі чемпион тағы біздің елден болды. Ербол Қоңыратов барлық қарсыласын жықса, ең ауыр салмақтағы Абдумәлік Сартбаев ақтық сында сүрінді, қола жүлде Елдар Қайратов (66 кг), Әсет Әділов (74 кг) және Мақсат Ережеповтың (84 кг) еншісінде.

  Биыл грек-рим күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Таңат Сағындықов құрлықтық біріншілікке баратын құрамды төмендегідей анықтады. 55 кг, 74 кг және 96 кг салмақ дәрежелерінде биыл ел чемпионы атанған балуандар  іріктелсе, қалған салмақтарда өзін көп уақыттан бері көрсетіп жүрген құрама көшбасшылары барады деп шешілді, олар ел чемпионатынан да босатылды. Сонымен, Азия чемпионатында ел намысын қорғайтын грек-рим күресінен құраммен таныс болыңыздар:

55 кг. Жансерік Сәрсенбиев - жастар арасындағы әлем чемпионатының және көптеген халықаралық турнирлердің жүлдегері, 2013 жылғы Қазақстан чемпионы.

60 кг. Алмат Кебіспаев - әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері, Азия чемпионы, Олимпиада Ойындарында 5-орын.

66 кг. Ербол Қоңыратов - Азия чемпионы.

74 кг. Мақсат Ережепов - Азия чемпионатының қола жүлдегері, 2013 жылғы Қазақстан чемпионы.

84 кг. Даниял Гаджиев - Олимпиада Ойындарының, бірнеше халықаралық турнирдің жүлдегері.

96 кг. Ерұлан Ысқақов - халықаралық турнирлердің жүлдегері, 2013 жылғы Қазақстан чемпионы.

120 кг. Нұрмахан Тінәлиев - әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Азия Ойындарының жеңімпазы.


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!