Кикбоксингтан ұлттық құрама жасақталды

Фотография - Кикбоксингтан ұлттық құрама жасақталды

Халықаралық кикбокс федерациясының ережесі бойынша өткен біріншілікке еліміздің барлық облыстарымен қатар, Астана және Алматы шаһарларынан келген ұзын саны 300-ден астам спортшы қатысып, фулл-контакт және К-1 ережелері бойынша сынға түсті.

253 0

Халықаралық кикбокс федерациясының ережесі бойынша өткен біріншілікке еліміздің барлық облыстарымен қатар, Астана және Алматы шаһарларынан келген ұзын саны 300-ден астам спортшы қатысып, фулл-контакт және К-1 ережелері бойынша сынға түсті.

Шымкенттегі біріншілік биыл 29 маусымнан 6 шілдеге дейін Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында жауынгерлік жекпе-жек түрлері бойынша жабық спорттық кешенде өтетін ІV Азия ойындарына негізгі іріктеу сынағы болды. Сондықтан, оған еліміздің барлық үздік кикбоксшылары қатысты. Осы орайда ұйымдастырушылар ережелері бір-біріне қатты ұқсайтын К-1 мен лоу-кикті ортақ бағдарламаға біріктіріп өткізгенін ескере кеткен жөн.

Чемпионат барысында, қыздар арасында 56 келі салмақта қарағандылық Тамара Темірбаева фулл-контакт бойынша қарсылас шақ келтірген жоқ. Оның ұлттық құрамадағы семейлік құрбысы, 52 келі салмақтағы Жадыра Қуанышева лоу-кикте ешкімге дес бермеді. Тамара – 2012 жылдың соңында Үндістанда өткен Азия чемпионатында үздік шыққан болса, Жадыра қола жүлдеге қол жеткізген еді.

Фул-контактан ерлер арасында Азия чемпиондары, қарағандылық Руслан Баязитов пен павлодарлық Саян Жақыпов, лоу-киктен Саянның жерлесі Артур Сауырбаев пен семейлік Руслан Ганза да өз салмақтарында топ жарды.

Сәбит Байжұманов, кикбокстан мемлекеттік жаттықтырушысы:

– Өкінішке қарай, кикбокс Олимпиада ойындары бағдарламасына кірмейтіндіктен, мемлекет тарапынан қажетті қаражат бөлінбейді. Негізінен, кикбоксты жаны сүйетін жеке демеушілердің қаржылай көмегінің арқасында дамытып-өркендетіп жүрміз.

Халықаралық аренадағы көрсеткіштеріміз де жаман емес. Мысалы, басқасын айтпағанда, былтырғы жылдың соңында Үндістанда өткен Азия чемпионатында айбынды Иран құрамасының өзін ысырып, бейресми жалпыкомандалық есепте топ жардық.

Ал Шымкенттегі ел біріншілігі ойдағыдай болып ұйымдастырылды. Биылғы маусымда өтетін халықаралық ірі додаларға қатысатын қыз-жігіттерімізді іріктеп алдық. Атап айтсақ, Инчхондағы Азия ойындарынан бөлек, алдағы күзде Бразилияның Сан-Паулу қаласында К-1, лоу-кик бағдарламалары бойынша әлем чемпионаты өтсе, желтоқсанның басында фулл-контактан дүниежүзілік біріншілік жалауын көтереді.

Сонымен, үш күнге созылған ел чемпионатының бейресми жалпыкомандалық есебінде Оңтүстік Қазақстан облысы үздік шықты. Екінші-үшінші орындарды Павло¬дар мен Жамбыл облыстарының коман¬далары өзара бөлісті.


Тегтер:

спорт

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!