«Челси» – Еуропа лигасының жеңімпазы

Фотография - «Челси» – Еуропа лигасының жеңімпазы

Көпшілік күткендей матч өте тартысты өтіп, бұл кездесу бір ғана доп айырмашылығымен ағылшындардың пайдасына шешілді.

148 0

Голландияның Амстердам қаласында УЕФА Еуропа лигасының финалдық ойыны өтті. Бас жүлде үшін бәсекеде Лондонның «Челси» клубы Лиссабонның «Бенфикасымен» шеберлік байқасты. Көпшілік күткендей матч өте тартысты өтіп, бұл кездесу бір ғана доп айырмашылығымен ағылшындардың пайдасына шешілді.

Ойынның алғашқы минуттарында «Бенфика» қарымды көрінді. Олар өз қарсыластарын қыспаққа алып, бірнеше мәрте қауіпті шабуылдар ұйымдастарды. Бірақ оның ешқайсысы нәтижелі аяқталған жоқ. Өйткені кей тұстарда «Челсидің» қорғаушылары сауатты ойнаса, кей кездері португалиялықтардың өздері сылбырлық танытты. Осылайша олар аяғының астын­дағы доптан оп-оңай айырылып қалып жатты. Кездесудің алғашқы кезеңі бел ортаға таяғанда ғана «Челсидің» ойын­шылары ес жиып, «Бенфиканың» қорғаныс шебін бұзып өтуге талпынды. Бірде Оскар, енді бірде Фрэнк Лэмпард қақпашының қырағылығын тексеріп көрді. Өз кезегінде Артур өзіңнің бабында екенін байқатты. Десек те алғашқы 45 минутта есеп ашылған жоқ.

Нағыз қызық екінші кезеңде басталды. Португалиялықтар тағы да сес көрсетпек болған еді, ағылшындар сауатты қорғанып қана қоймай, дереу қарымта шабуылдар ұйымдастырды. Сондай әрекеттердің бірі өз жемісін берді. 54-минутта қақпашы Чех­тың әуелетіп лақтырған добын Хуан Мата тосып алды да, дереу Фернандо Торреске бағыттады. Луизаодан қашып құтылған ол Артурды алдап өтті де, допты қақпаға қарай сырғыта салды – 1:0.

Енді шегінуге жол жоқ екенін ұғынған «Бенфиканың» футболшылары алға ұм­тыл­ды. Арада 12 минут өткеннен кейін Ос­кар Кардосаның тепкен добын Сесар Аспиликуэта қолымен тоқтатты. Сол ме­зетте төрешінің ысқырығы естілді. Гол­лан­диялық қазы Бьорн Кейперс 11 метрлік айып добын белгіледі. Нүктеге Кардосаның өзі келді. Шабуылшының шірене тепкен добына Петр Чех тосқауыл қоя алмады – 1:1.

Таразы басы теңселгеннен кейін қос команда тегеуріндерін күшейтті. Әр фут­болшы шама-шарқына қарай қимыл­дап, өз клубына жеңіс әпергісі келді. Осы орайда біз небір керемет сәттердің куәсі бол­дық. Әсіресе, Лэмпардтың алыстан ба­ғыт­таған добы зымырап барып, маң­дайшаға тигені есімізде ерекше сақталды. Португалиялықтар тарапынан да қауіпті жағдайлар орын алды. Бірақ торға түскен жоқ. Уақыт сырғып өтіп жатты. Матчтың аяқталуына санаулы секундтар қалды. Енді бұл кездесудің қосымша уақытқа ұла­сатынына жанкүйерлердің еш күмәні қалмады. Төреші ысқырығын қалтасынан шығаруға шақ қалғанда ағылшындар бұрыштама добын тебетін болды. Әуелеп берілген допты Бранислав Иванович бас­пен торға дәл түсірді – 2:1.

Сөйтіп, былтыр Чемпиондар лигасында топ жарған Лондонның «Челси» клубы биыл Еуропа лигасының жеңімпазы атанды.

Дайындаған – Ғалым СҮЛЕЙМЕН

 

bnews.kz сайтынан


Тегтер:

футбол

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!