«Ақжайық» өз алаңында «Востокты» ұта алмады

Фотография - «Ақжайық» өз алаңында «Востокты» ұта алмады

Футболдан Қазақстан чемпионатының кезекті турында Оралдың «Ақжайығы» Өскеменнің «Востогын» қабылдады

174 0

Футболдан Қазақстан чемпионатының кезекті турында Оралдың «Ақжайығы» Өскеменнің «Востогын» қабылдады.

Серб маманы Любко Петрович баптайтын «Ақжайық» командасының қақпасын тұңғыш рет чехиялық легионер Антонин Бучек қорғады. Сондай-ақ алаң сыртында қалған Руслан Хайыровтың орнына капитандық тізгінді Евгений Коструб алды, басқа өзгеріс болған жоқ. Бірінші таймда чехиялық Павел Черни екі мәрте, Алексей Мальцев бір рет ұрымтал сәтті пайдалана алмады. Есесіне А.Бучек өз қақпасын сенімді қорғай білді.

Ойынның екінші кезеңінде Сергей Шевцовтың орнына алаңға шыққан Эльдар Абдрахмановты жекедара ұмтылған кезде қонақтардың қақпашысы Роман Нестеренко шалып жықты. Бірақ тағы бір чехиялық Якуб Хлебоунның соққан айып добы Али Алиевке тиіп, алаң сыртына шығып кетті.

Жалпы, кездесу барысында оралдықтар сапында орталық шабуылшының жоқтығы сезіліп тұрды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін қорғаушы Я.Хлебоун алға шығып, қонақтардың айып алаңынан табылған сәтте оған дәл пас бере алатын ойыншы болған жоқ. «Востоктың» да жеңіс голын соғатын мүмкіндіктері болды (доп қақпа маңдайшасынан кері қайтты). Әдемі шабуыл өрнегін көрсетудің орнына «Ақжайықтың» футболшылары артқа ойнап, уақытты жоғалтумен болды. 0:0 есебімен аяқталған ойын қонақтар үшін ғана сәтті деуге болады.

Сөйтіп, «Ақжайық» футбол клубына жеткілікті қаржы бөлінгенімен, одан әзірге қайтарым болмай тұр.

Бұрынғыша соңғы орынды «меншіктеген» «Ақжайық» келесі ойынын 27 шілде күні Атырауда жергілікті командамен өткізеді. Сосын 4 тамызда Қарағандыда «Шахтер» күтпек (бұл екі команданы да батысқазақстандықтар бірінші айналымда 4:0 және 3:0 есебімен тізе бүктірген еді). Содан кейін үздік алтылық жүлделі орындарға таласады да, қалғандары (ішінде, әрине, «Ақжайық» бар) премьер-лигада қалу үшін жанталасады.

 


Тегтер:

спорт

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!