«Барыс» алғашқы матчта 10 шайба соқты

Фотография - «Барыс» алғашқы матчта 10 шайба соқты

Құрлықтық хоккей лигасының алтыншы чемпионаты аясында «Барыс» хоккей клубы алғашқы ойында Череповец қаласының «Северсталь» командасымен кездесіп, өз қарсыласын 10:1 есебімен ойсырата ұтты

188 0

Құрлықтық хоккей лигасының алтыншы чемпионаты аясында «Барыс» хоккей клубы алғашқы ойында Череповец қаласының «Северсталь» командасымен кездесіп, өз қарсыласын 10:1 есебімен ойсырата ұтты.

Ойынның басында есеп ашылмаса да, «Барыстың» тафгайы Джошуа Грэттон және қарсылас Пахрудин Гимбатов арасындағы төбелес жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Бұл жекпе-жекте Дж.Грэттонның мерейі үстем болды. Содан «Барыс» хоккейшілерінің тынысы ашылған болуы керек, бірнеше минуттан кейін Дастин Бойдтың тамаша шайбасы қарсыластардың қақпасынан табылды. Ал екінші кезеңнің алғашқы минуттарында Брэндон Боченски есепті 2:0-ге дейін жеткізді. Осыдан кейін Талғат Жайлауов ережені бұзып, айып уақытын өтеуге аттанды. Оның артынан Майк Ландин де ойыннан екі минутка шеттетілді. Осылайша, «Северстальдың» бес ойыншысы «Барыстың» үш хоккейшісіне қарсы ойнап, есеп айырмасын 2:1-ге дейін қысқартты. Алайда Т.Жайлауов мұз айдынына оралған бойда өз қателігін түзете білді. Оның шебер берген пасынан кейін Федор Полищук қарсыластардың қақпасына үшінші шайбаны салып кетті. Бұл шайба сәтті болған шығар, артынан Михаил Рахманов, Найджел Доус, Дмитрий Уппер және Брэндон Боченски қатарынан төрт шайба салып, есепті 7:1-ге жеткізді.

Ойынның үшінші кезеңінде «Северстальдың» бапкері қақпашы Иван Косутиннің орнына жас Артем Артемьевты шығарды. Алайда ол да қанша тырысқанымен өз қақпасын қорғай алмады. Роман Старченко, Константин Руденко және Найджел Доус оны қапы қалдырып, тағы үш шайбаны салып кетті. Қорытынды есеп - 10:1.

Сөйтіп, Құрлықтық хоккей лигасының кезекті алтыншы маусымы аясында «Барыс» өзінің алғашқы ойынын рекордпен бастады. Маусым басталғалы бері бұндай жетістікке әлі бірде-бір команда жеткен емес. Өткен чемпионатта да «Барыстың» хоккейшілері сегіз рет қатарынан жеңіске жетіп, лига тарихында болмаған рекордқа жеткен еді.

Айта кетейік, лига аясында өнер көрсеткелі бері «Барыс» хоккей клубы «Северстальмен» он рет кездескен болатын. Соның үшеуінде жеңіске жетсе, жеті ойында ұтылды. Бір рет «Северстальдың» хоккейшілері «Барысты» 7:1 есебімен жеңіп кеткен. Алайда осы жолғы ойыннан кейін «Барыс» өз есесін екі есе қайтарды деуге болады. Командалардың екінші ойыны қыркүйектің 10-ы күні Череповец қаласында өтеді.


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!