ҚР ІІМ Ішкі әскерлер Бас қолбасшысының кубогі үшін қоян-қолтық ұрыстан тұңғыш халықаралық турнир аяқталды

Фотография - ҚР ІІМ Ішкі әскерлер Бас қолбасшысының кубогі үшін қоян-қолтық ұрыстан тұңғыш халықаралық турнир аяқталды

Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлер Бас қолбасшысының кубогі үшін қоян-қолтық ұрыстан тұңғыш халықаралық турнир аяқталды

271 0

Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлер Бас қолбасшысының кубогі үшін қоян-қолтық ұрыстан тұңғыш халықаралық турнир аяқталды.

Татами төрінде өзара мықтыны анықтау үшін Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан және еліміздің күш құрылымдарынан жинақталған 200-ден аса спортшы сегіз салмақ дәрежесінде  бақ таластырды, деп хабарлады аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.

Елорданың 15 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық сайысқа Қазақстан Республикасының спорт және дене шынықтыру істері бойынша агентігі, Ішкі әскерлер Бас қолбасшылығы мен қоян-қолтық ұрыс федерациясы мұрындық болды.

Мәртебелі меймандардың қатысуымен өткен жарыстың салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Қалмұханбет Қасымов спортшыларға тартымды жекпе-жектер тілеп, жеңіске шын мықтының жетуіне ілтипат танытты.

Үш күн бойы шаршы алаңның шаңын қаққан қоян-қолтық ұрысының шеберлері жігерлерін жанып, жеңіске жетуге қамшы басты. Бұл тұрғыда, әсіресе, алаң иелері - Ішкі әскерлер спортшыларының тегеуріні өзгелерінен мықтырақ көрінді. Ресейдің Новосібір облысынан келген «Витязь» күрең береттер бауырластығының жекпе-жек шеберлері жеңіске деген жігерлігімен танылып, көрермендердің көзайымына айнала білді.

Нәтижесінде сегіз салмақ дәрежесінің тең жартысында Ішкі әскерлер жауынгерлеріне тең келер қарсылас табылмады. 60, 65, 70 және 75 келі салмақта сәйкесінше Атамекен Байлоллаев, Дәурен Қадырбеков, Талғат Сапарғалиев және Сұлтан Зейнеловтар жеңіске жетті.

80 келіде Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің спортшысы Рустам Атабаев топ жарса, 85 келіде Ішкі істер министрлігінің қызметкері Райхан Мадинов қарсылас шыдатпады. 90 келіде ҰҚК Шекара қызметінің намысын қорғаған Нұрбол Түрешбаев бірінші орын алды. Ал ең ауыр - 90 келіден жоғары салмақта ІІМ тағы бір спортшысы Павел Лысенко жеңіс тұғырының бірінші сатысына көтерілді.

Жалпыкомандалық сында Республикалық Ұлан құрамасы үшінші нәтиже көрсетсе, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің командасы екінші болды. Ал жарыс жеңімпазымен бірге Ішкі әскерлер Бас қолбасшысының кубогін Ішкі әскерлер құрамасы еншілеріне жазды - деп хабарлады  ҚазАқпарат

Жеңімпаздар және жеке біріншіліктегі жүлдегерлер медальдар, дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.


Тегтер:

спорт

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!