«Ақжайық» өз алаңында «Жетісуді» ұта алмады

Фотография - «Ақжайық» өз алаңында «Жетісуді» ұта алмады

Футболдан Қазақстан чемпионатының кезекті турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Талдықорғанның «Жетісуін» қабылдады

378 0

Футболдан Қазақстан чемпионатының кезекті турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Талдықорғанның «Жетісуін» қабылдады.

Алдағы жылы премьер-лигада өнер көрсету үшін қос командаға да жеңіс ауадай қажет еді. «Ақжайық» өткен турда «Таразбен» ойнаған құрамды өзгерткен жоқ. Алайда бұл жолы алаң иелерінің ойыны қабыспай жатты. Есесіне қонақтар допты көбірек иеленіп, «Ақжайықтың» қақпасына қауіп төндіріп бақты. Егер «Жетісу» ойыншылары сәл мергендік танытқанда, есеп өзгеретін де еді. Ал «Ақжайық» сапында алдыңғы шептен чехиялық Павел Черниді ғана атап өтуге болады. Оған көмектесуі тиіс босниялық Недо Туркович те, жиырма жасар Ізім Сәрсекенов те ойдағыдай ойын өрнегін көрсете алмады. Оларды ақыры кездесудің екінші кезеңінде Руслан Хайыров пен Еркін Тапалов алмастырды. Талдықорғандықтар қақпаға қарай ұмтылып, доп ұруға тырысқан П.Черниге қарсы ойын тәртібін бұзумен болды. Өкінішке қарай, алаң иелері осындай шешуші сәттерде айып добын дәл орындай алмады. Әсіресе, екінші таймда Константин Зотовтың соққан добы қақпа маңдайшасынан кері қайтып, жергілікті жанкүйерлерді бір күрсінтті. Ойынның соңғы минуттары «Ақжайықтың» басымдылығымен өтті. Сөйтіп тартысты кездесу 0:0 есебімен аяқталды - деп хабарлады  ҚазАқпарат

Бұл турдан кейін «Ақжайықтың» қоржынында 16 ұпай болса, оның алдындағы командалар «Жетісу» мен «Востокта» 18 ұпайдан бар. Қалған екі ойынның біреуін батысқазақстандықтар Қостанайда 27 қазанда «Тобылмен» өткізсе, 2 қарашада өз алаңында маусымды «Атыраумен» қорытындылайды. Өскемендіктер алдағы қос кездесуінде де сырт алаңда басты қарсыластары - «Жетісу» және «Таразбен» күш сынасады. Айта кетейік, соңғы, он екінші орында қалған команда премьер-лигамен бірден қоштасады да, он бірінші орындағысы бірінші лигада екінші сатыны иеленген клубпен қосымша ойындар өткізуге мәжбүр болады.


Тегтер:

спорт

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!