Әлем чемпионатын нокаутпен аяқтадық

Фотография - Әлем чемпионатын нокаутпен аяқтадық

Әлем чемпионатын дәл осылай аяқтаймыз деген ой үш ұйықтасақ та түсімізге кірмеген еді. Бірақ солай болды. Өз жерімізде өтіп жатқан дүбірлі доданың шымылдығын айқын жеңіспен жабуы тиіс болған Иван Дычко өзі нокаутқа түсіп қалды

161 0

Әлем чемпионатын дәл осылай аяқтаймыз деген ой үш ұйықтасақ та түсімізге кірмеген еді. Бірақ солай болды. Өз жерімізде өтіп жатқан дүбірлі доданың шымылдығын айқын жеңіспен жабуы тиіс болған Иван Дычко өзі нокаутқа түсіп қалды.


            Ваня айқасты тәп-тәуір-ақ бастаған. Өзін қашан да жеңіл сезінетін жерлесіміз шаршы алаңда ойқастап жүрді. Бірінші раундта да, екінші раундта да басымдылығы байқалып, үш төреші де ұпайларын еш күмәнсіз біздің алыпқа беріп жатты. Бірақ шаршы алаң иесін тек құлатып қана жеңбесе, жеңісті бермейтінін түсінген қарсыласы Магомедрасул Меджидов үшінші раундтың белортасында жойқын соққысымен жерлесімізді шалқасынан түсірді. Негізі осы кезде-ақ жекпе-жекті тоқтатуға болар еді. Бірақ орнынан әупірімдеп тұрып келе жатқан Ваняға рефери тағы бір мүмкіндік беріп көргісі келді. Сегізге дейін санап, Дычконы есін жиғызды. Алайда, алыбымыз сол күйі өзіне келе алмады. Қайта шабуылға лап қойған Меджидов оң қолын құлаштай тастап, Ваняны орнынан өз еркімен көтеріле алмастай біржолата құлатты.

            Иә, Дычко орнынан өзі көтеріле алмады. Шаршы алаңға дереу дәрігерлер көтеріліп, Ваняны демеп тұрғызды. Нашатыр суын иіскетіп, өз бұрышына әзер жеткізді.

            Негізі, екеуі 2011 жылы Бакуде өткен әлем біріншілігінде кездескен ғой. Ол кезде жерлесіміз 9:16 есебімен жеңілген. Есе қайтарар деп едік, қайдағы... Өзі құлап, масқара болды. Иә, иә Ваняның нокаутымен бірге біз де әлем чемпионатын масқарамен аяқтадық.

            Дегенмен, Дычкомыз әлі жас. Болашағы алда. Одан біз Лондон Олимпиадасында алтын күтеміз! Тек жасымасын! Мұқалма, Ваня! Спортта жеңіс пен жеңілістің қатар жүретіні шын.

            Ал әлем чемпионатының қорытындысы бойынша 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медадьді еншілеген Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынды алды. Екінші орында екі алтын, екі күмісі және бір қоласы бар Куба құрамасы. Екі алтын, бір қоласы бар Әзірбайжан үздік үштікте.


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!