Әлем чемпионатының іріктеу ойындары аяқталды

Фотография - Әлем чемпионатының іріктеу ойындары аяқталды

2014 жылы Бразилияда өтетін футболдан Әлем чемпионатының Еуропадағы іріктеу ойындары аяқталды

172 0

2014 жылы Бразилияда өтетін футболдан Әлем чемпионатының Еуропадағы іріктеу ойындары аяқталды.

Тартысқа толы өткен төрт кездесу де жанкүйерлер көңілінен шықты.

Румыния - Грекия 1:1

Митроглу, 23 (0:1), Торосидис - автогол, 55 (1:1)

Бірінші болып бұл күні жасыл алаңға Румыния мен Грекия құрамалары шықты. Алғашқы матчта 3-1 есебімен гректердің мерейі үстем болған еді, сондықтан румындар өз жанкүйерінің алдында жерге қарап қалмауға тырысты. Дегенмен алғаш болып гректер есеп ашты: бірінші матчтың қаһарманы Митроглудың осы жолы да қанжығасы майланды. Екінші таймның басында гректердің қорғаушысы Василис Торосидис өз қақпасына доп соғып, қорытынды есепті белгіледі. Екі матч қорытындысы бойынша Грекия Мундиальға жолдама алды.

Хорватия - Исландия 2:0

Манджукич, 27 (1:0), Срна, 48 (2:0)

Екінші матч Загребте өтті. Еуропадағы іріктеу турының басты сенсациясы атанған Исландия Хорватияға қонаққа келді. Алғашқы матчта есеп ашылмаған болатын, сондықтан сырт алаңда тең түскен хорваттардың фаворит саналғаны түсінікті. Ойынның 27-минутында «Бавария» шабуылшысы Марио Манджукич Хорватияны алға шығарды. Алайда араға он минут өткенде Манджукичтің жүйкесі сыр беріп, сұрмерген алаңнан қуылды. Дегенмен, хорваттар нәтижені сақтап қана қоймай, есепті еселей түсті. Дарио Срна екінші доптың авторы атанды.

Швеция - Португалия 2:3

Роналду, 50 (0:1), Ибрагимович, 68 (1:1), Ибрагимович, 72 (2:1), Роналду, 77 (2:2), Роналду, 79 (2:3)

Швецияда өткен матчты жанкүйерлердің ерекше күткені белгілі. Өйткені, біріншіден, алаңға екі шабуылдаушы команда шығып, кім мықтыны анықтайды. Екіншіден, бұл ұжымдарды биылғы жылғы үздік футболшы атануға үміткер қос жұлдыз - командалардың капитандары Златан Ибрагимович пен Криштиану Роналду бастап шығады. Төрткүл дүниенің жанкүйерлері көз тіккен ойын екі шабуылшының текетіресіне айналды. Златанның қос добына «Реалдың» шабуылшысы хет-трикпен жауап берді. Сөйтіп, португалдықтар Бразилияға жолдаманы қалтаға салды. Айта кетерлігі, екі матчта шведтер қақпасына соғылған төрт доптың барлығы да Роналдудың еншісінде. Бір өкініштісі, ендігі жылы жазда Әлем чемпионатында Златан Ибрагимовичті көре алмаймыз.

Франция - Украина 3:0

Сахо, 22 (1:0), Бензема, 34 (2:0), Гусев, 72-автогол (3:0)

Төрт күн бұрын Киевте азулы француздарды екі доп айырмасымен ұтқан украиндар Әлем чемпионатына баратын керемет мүмкіндіктен айырылып қалды. Жағдайдың қиын екенін сезген Дидье Дешам шәкірттері өз жанкүйерлері алдында намысқа тырысып бақты. Салған жерден қарсылас қақпасына лап берген Рибери бастаған топ бірінші таймның өзінде-ақ қос матч қорытындысы бойынша есепті теңестірді. Қорғаушы Мамаду Сахо мен Кәрім Бензема қарсылас қақпасын дәл көздеген болатын. Ал екінші тайм басталысымен Евгений Хачериди екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылғаннан кейін украиндықтардың жағдайы одан сайын ауырлай түсті. Франция мұндай мүмкіндікті мүлт жібермеді - шешуші үшінші доп Олег Гусевтің автоголы болып жазылды. Сөйтіп 1998 жылғы әлем чемпиондары келер жылы сол жетістіктерін қайталап көреді.

Айта кетейік, осы уақытта Әлем чемпионатына жолдама алған 30 команда белгілі. Олар: Оңтүстік Америкадан - Бразилия (жарыс қожайындары), Аргентина, Колумбия, Чили, Эквадор; Солтүстік Америкадан - АҚШ, Коста Рика, Гондурас; Азиядан - Жапония, Оңтүстік Корея, Австралия, Иран; Африкадан - Нигерия, Кот д`Ивуар, Камерун, Гана және Алжир; Еуропадан - Германия, Италия, Англия, Испания, Голландия, Ресей, Бельгия, Босния және Герцоговина, Швейцария, Франция, Португалия, Хорватия және Грекия. Қалған екі жолдаманы Уругвай мен Иордания, Мексика мен Жаңа Зеландия сарапқа салуда. Алайда қарсыластар қақпасына бес доптан соққан Уругвай мен Мексика Бразилияға билет ала берсе болатын секілді.

 


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!