Денис Тен олимпиадаға қызу дайындалуда

Фотография - Денис Тен олимпиадаға қызу дайындалуда

Мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, VII Азия ойындарының жеңімпазы, Қазақстанның 3 мәрте чемпионы, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері Денис Тен қазіргі кезде Сочиде өтетін олимпиадаға дайындалуда.

225 0

Мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, VII Азия ойындарының жеңімпазы, Қазақстанның 3 мәрте чемпионы, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері Денис Тен қазіргі кезде Сочиде өтетін олимпиадаға дайындалуда.

Ол байрақты бәсекеде еліміздің туын тек биіктен желбіретуді мақсат етіп отыр. Мәнерлеп сырғанау – спорттың консервативті түрі. Кейбір спортшылар өмірінің соңына дейін әлемдік деңгейге жете алмай кетеді. Ал небәрі 19 жастағы Денис Тен биыл қазақстандық спорт тарихында бұрын болмаған жетістікке жетіп, Лондонда өткен әлем чемпионатында күміс медаль иегері атанды. Бұл жеңіс оған Сочидегі олимпиадаға жол ашты.

Денис Тен, әлем чемпионатының күміс жүлдегері:

- Олимпиада ойындарына атағы бар спортшы ретінде қатысатыным көкейіме үміт ұялатады. Әлем чемпионатының күміс медалі мені бұдан да биік асуларды бағындыруға ынталандырды.

Дарынды спортшы бұл дәрежеге өзінің табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында жетіп отыр. Бойындағы қабілетін жастайынан шыңдаған Денис талай байқаулардың жеңімпазы атанды. Мәселен, 2009 жылы Лос-Анджелесте өткен әлем чемпионатында 8-орынды иеленіп, жұртшылықты таңқалдырған. «Әрбір адам өз ісіне асқан жауапкершілікпен, сүйіспеншілікпен қараса, кез келген белестерден сүрінбей өтеді», – дейді спортшы.

Денис Тен, әлем чемпионатының күміс жүлдегері:

- Мен бала кезімде мәнерлеп сырғанауды жақсы көретінмін, мұз айдынына шыққанымнан ләззат алатынмын. Қазір де балалармен жұмыс істегенде мен спорттың бұл түрінің қаншалықты керемет екенін айтудан шаршамаймын.

Құралай Узурова, ҚР құрама командасының бас бапкері:

- Денистің қарапайымдылығына қайран қаламын. Ешқашан тәкаппарсынып, бойын өзгелерден оқшау ұстамайды. Әрдайым айналасындағы адамдарға ерекше ілтипатпен қарайды.

Денис биыл жазда Астана мен Алматыдағы мұз айдынында өткізілген шоу бағдарламаларда бүкіл әлемге танымал спортшылармен бірге өнер көрсетті. Жас спортшы болашағының жарқын боларына сенімді. Ал таяу арадағы жоспары – Сочидегі олимпиадада бас жүлдеге қол жеткізіп, Қазақстанның туын биіктен желбірету.


Тегтер:

спорт

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!