Бүгін Сочиде Ақ Олимпиада алауы жағылады

Фотография - Бүгін Сочиде Ақ Олимпиада алауы жағылады

42 0

Сочиде бүгін төрт жылда бір айналып келетін дүбірлі спорт додасы - XXII Қысқы Олимпиада Ойындарының салтанатты ашылу шарасы өтеді. Оған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады.

ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің Қысқы спорт түрлері басқармасының басшысы Айнұр Бектенованың айтуынша, аталмыш шара «Фишт» стадионында Сочи уақытымен 12:40-13:10 сағатта басталады. Сочи-2014 Қысқы Олимпиадасының ашылу салтанатында ел туын Қазақстан құрамасының көш басында шаңғышы Ердос Ахмадиев алып жүреді.

Спорт әлемі үшін үлкен мерекеге айналатын Сочи-2014 Олимпиадасында спорттың 15 түрінен 98 медаль сарапқа салынбақ. Оған әлемнің 90 мемлекетінен 3000-нан астам спортшы қатысатын болады. Қазақстан намысын аталмыш дүниежүзілік додада спорттың он түрі бойынша 52 спортшы қорғауға аттанған. Дүбірлі жарысқа қатысатын қазақстандық спортшылардың тізімін Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі жариялады. Олардың арасында шаңғы спортынан, биатлон, мәнерлеп сырғанау, фристайл-могул, фристайл-акробатика, шорт-трек, конькимен жүгіру, сноуборд, тау шаңғысы, шаңғымен тұғырдан секіруден, шана спортынан спортшыларымыз әлемнің түкпір-түкпірінен келген кілең мықтылармен бірге жүлделерге таласып көреді.

Қазақстандық фристайлшы қыздар Юлия Галышева мен Дарья Рыбалова кеше алғашқы сайыстарын өткізіп те үлгерді. Могулдан өткен бiлiктiлiк сайысында 21,17 ұпай жинаған Ю.Галышева бiрден финалдық кезеңге сәттi өттi. Ал Дарья Рыбалова осы сайыста 33,34 уақытын көрсетiп, 16,24 ұпай жинады. Өкiнiшке орай, бұл соңғы көрсеткiштердiң бiрi. Бірақ ол екінші біліктілік сайысына қатысады.

Барлық жарыстар Сочиде Олимпиадаға арнап салынған 11 спорт кешенінде өтеді. Оның алтауы теңіз жағалауында орналасса, бесеуі таудан орын тепкен. Байрақты бәсекеде қазақстандық спортшылар ел намысын жерге тастамасы анық. ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі ел қоржынына кемінде екі медаль түседі деген болжам айтуда. Аламан додада қазақстандық шаңғышылар Алексей Полтаранин, Николай Чеботько, конькиші Денис Кузин, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен сынды саңлақтарымыз алтын алады деген сенім мол.

XXII Қысқы Олимпиада Ойындарына аттанғандардың ішінде: шаңғы спортынан - Ердос Ахмадиев, Николай Чеботько, Евгений Величко, Денис Волотка, Марк Старостин, Роман Рогозин, Сергей Черепанов. Конькимен жүгіру сайысында - Денис Кузин, Дмитрий Бабенко, Федор Мезенцев, Александр Жигин, Роман Креч, Екатерина Айдова сияқты спортшыларымыз бар. Фристайл-могул мен фристайл-акробатикада Дмитрий Рейхерд, Юлия Галышева, Дарья Рыбалова, Дмитрий Бармашов, Павел Калмаков, Жібек Арапбаева, Жанбота Алдабергенова, Бағлан Іңкәрбек, Сергей Берестовский сынды саңлақтарымыз ел намысын қорғамақ.

Шорт-трек сайысы бойынша Айдар Бекжанов, Нұрберген Жұмағазиев, Абзал Әжіғалиев, Аслан Даумов, Денис Никиша, Инна Симонова болса, тау шаңғысынан Игорь Закурдаев, Дмитрий Кошкин, Мартин Хубер, Екатерина Черепанова сияқты спортшыларымыз қатысады. Шаңғымен тұғырдан секіруден Алексей Пчелинцов пен шана спортынан Елизавета Аксенова бақтарын сынайды.



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!