632

Қарағандыдағы қайырымдылық шыршасында И.Ильин мен С.Сәпиев жетім балаларды құттықтады

Қарағанды қаласындағы С.Сәпиев атындағы бокс орталығында балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне арналған чемпиондар қатысқан балды ҚР Ауыр атлетика федерациясы ұйымдастырды
Фотография - Қарағандыдағы қайырымдылық шыршасында И.Ильин мен С.Сәпиев жетім балаларды құттықтады

Қарағанды қаласындағы С.Сәпиев атындағы бокс орталығында балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне арналған чемпиондар қатысқан балды ҚР Ауыр атлетика федерациясы ұйымдастырды. 

Қайырымдылық шыршасында жетім балаларды Олимпиада чемпиондары Илья Ильин мен Серік Сәпиев, әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаев, Инчхондағы Азиада чемпионы Маргарита Елисеева, Нанкиндегі ІІ Жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпазы Абылайхан Жүсіпов сынды танымал спортшылар құттықтады. 

«Балалар, ең бастысы, өздеріңе деген сенімдерің болуы керек. Бұл тек спортта ғана емес, әр істе маңызды. Мақсат болашаққа жол ашады. Егер алдымызға мақсат қойып, сенімге берік болсақ, бәрі де орындалады. Бұл менің сендерге деген ағалық тілегім. Спортпен айналысыңдар, барлық бағыттарда дамыңдар. Білім алып, кітапты көп оқыңдар, түрлі тілдерді меңгеріңдер», - деді балаларға арнаған сөзінде И.Ильин. 

Осындай кездесулер өте қажет, деп санайды жастайынан ата-анасынан айырылып, балалар үйінде өскен М.Елисеева. 

«Бұл мерекеге қатысу мен үшін маңызды. Балалар менен үлгі алып, жетістіктерге жетуге талпынып, спортпен немесе басқа бір іспен айналысудан қорықпауларын қалаймын», - деп өз ойымен бөлісті спортшы. 

М.Елисеева да балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне деген ізгі тілектерін білдірді. 

«Мен де немен айналысатынымды білмей жүрдім. Басында спортпен айналысуға қорыққан едім, өйткені одан не шығарын білмедім. Барлығыңа өз қорқыныштарыңды жеңе білулеріңді тілеймін. Нақты мақсат қоя біліңдер. Табыс тілеймін, үміттерің сөнбесін. Өз-өздеріңе сенсеңдер, барлық қиындықтарды жеңе аласыңдар», - деді чемпион. 

Спортшылар балалармен шыршаны айналып, ойындар ойнады. Мерекенің соңында фотосессия болды. Чемпиондар өздерінің жас табынушыларына қолтаңбаларын таратты.

Загрузка...