Пауэрлифтинг. Ашық Азия чемпионатында қоржынға алғашқы медаль түсті

Фотография - Пауэрлифтинг. Ашық Азия чемпионатында қоржынға алғашқы медаль түсті

Алматыда өтіп жатқан пауэрлифтингтен тірек-қозғалыс мүшелері зақымданған спортшылар арасындағы ашық Азия чемпионатының алғашқы жүлдесін қарағандылық Ақжол Жарылғапов ұтып алды.

376 0

Алматыда өтіп жатқан пауэрлифтингтен тірек-қозғалыс мүшелері зақымданған спортшылар арасындағы ашық Азия чемпионатының алғашқы жүлдесін қарағандылық Ақжол Жарылғапов ұтып алды. Бұл туралы "Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының" баспасөз қызметі хабарлады. Ашық Азия чемпионаты – бұл қазақ топырағында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған аса ірі спорт жарысы. Алматының Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында шілденің 26 күні басталды. Сайыс ашық деп жарияланған соң айтулы додаға қатысуға құлшыныс білдірген елдің саны аз болмапты. Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде 29 мемлекеттің жалауы көтерілді. Спортшылардың саны 200-ден асып жығылады. Жасыратыны жоқ, алғашқы күні көңіл күпті болды. Азия чемпионатына қай ел оңай-оспақ спортшысын әкелсін. "Әп" дегенде әйелдер арасындағы 41 килодағы сайыста спортшыларымыз О.Барашкина, И.Филянова және Ю.Петрушова шаң қауып қалды. Ерлер арасындағы 49 кило салмақта намысымызды қорғайтын Отыбай Азамат пен Ернат Қасмұқанов та кеудесі аяққаптай қарсыластарға тап келді. Әйелдер арасындағы 45 кило салмақта қазақстандық спортшылар болған жоқ. 54 кило салмақтағы ерлер арасындағы сайыстан да құралақан қалдық. Біздің Ерболат Әлімбетов пен Арлан Атейбековтен қарсыластары анағұрлым басым түсті. "Алтын" Вьетнам, "күміс" Ирак және "қола" Қытай атлеттерінің уысында кетті. Есесіне, 54 кило салмақта ойламаған жерден Ақжол Жарылғапов айды аспанға шығарғандай болды. Бұл салмақтағы жасөспірімдер арасында өткен сайыста қарағандылық ұлан қола жүлдені еншілеп, ел қоржынына алғашқы медальді салды. Осы ретте дода барысындағы мына бір жайтты айтып өтейік. Бұл чемпионатта бір салмақтағы жүлдегерлерді үш бөліп марапаттау жүргізілуде. Біріншісі, ашық Азия чемпионатының жүлдесіне іліккендер есімі жарияланып, марапатталады. Екінші мәрте Азия чемпионатының жүлдегерлері анықталып, ортаға қайта шақырылып, жүлделері табысталады. Одан соң осы жарыста жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты бірге өткізілуде. Үшінші кезекте сол жасөспірімдер марапатталады. Алғашқы күнгі дода соңында «қолаға» қол жеткізген Ақжол Жарылғапов – Қарағанды өңірінде 1997 жылы туған ұлан. Пауэрлифтинг спортымен айналысып жүргеніне екі жылдан асқан. Бұған дейін бірнеше мәрте елішілік жарыстарда өнер көрсеткен. Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанған оның өткен жылғы Бурабайда ұйымдастырылған республикалық чемпионатта көрсеткен нәтижесі де 90 кило екен. Онда да Ақжол 54 килода сынға түскен. Осы Азия чемпионатында бүгінге дейін ересектердің ешқайсысы бірден 10 килодан асырып тапсырыс берген жоқ. Ал Ақжолдың тәуекелі күшті екен. Ол алғашқыда 80 килоны еркін еңсергенімен, оны төрешілер есепке алмай тастады. Екінші кезекте Ақжол сол салмақты қайта көтеріп, үшінші мүмкіндігінде 90 килоны ырқына көндірді. Өзінің айтуынша, жаттығуда 115 килоға дейін көтереді екен. Тәжірибенің аздығынан алғашқы кезекте қапы кеткен. Әйтпесе, оның үшінші сәттегі жоспары 100 кило болыпты.

egemen.kz



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!