Астанада өтетін дзюдодан әлем чемпионатына 800-ден аса спортшы қатыспақ

Фотография - Астанада өтетін дзюдодан әлем чемпионатына 800-ден аса спортшы қатыспақ

2015 жылдың 24-30 тамызы аралығында Қазақстанның елордасы — Астана қаласында алғаш рет әлем біріншілігі өткізіледі.

268 0

2015 жылдың 24-30 тамызы аралығында Қазақстанның елордасы — Астана қаласында алғаш рет әлем біріншілігі өткізіледі. Оған 137 мемлекеттен 823 спортшы (495 ер мен 328 қыз) қатысады деп жоспарланған, деп хабарлайды BNews.kz
ҚР МСМ баспасөз қызметінің мәліметінше, сонымен бірге, елордаға 1000-ға жуық қонақ келеді деп күтілуде. Олардың ішінде бапкерлер мен федерация басшылары және басқа да лауазым иелері бар. Байрақты бәсеке барысында жұмыс істеу үшін 200 журналист тіркеуден өтуге өтініш жасады. Бұл чемпионат Олимпиада қарсаңында өткізілетіндіктен, барлық мемлекеттер үшін маңызды болып табылады.

Әлем біріншілігі "Алау" мұз айдыны сарайында өткізіледі. Жарыс ерлер мен қыздар арасында 7 салмақ дәрежесі бойынша ұйымдастырылады және соңғы күні командалар өзара сынға түседі.

Халықаралық дзюдо федерациясы басшылығының қатысуымен ресми баспасөз конференциясы 23 тамыз күні сағат 14.30-да "Риксос" қонақ үйінде өткізіледі.

Осы әлем бірінішілігі аясында Халықаралық дзюдо федерациясының Конгресі өткізіледі. Аталмыш шара ереже бойынша екі жылда бір рет ұйымдастырылады, соңғысы 2013 жылы Бразилиядағы әлем біріншілігі барысында өткізілген. Жиынның күн тәртібінде Халықаралық дзюдо федерациясының кейбір қызметкерлерін алмастыру және басқа да мәселелер қарастырылмақ.

Әлем чемпионаты 150 елде көрсетілетін болады. Жапония, Франция, Бразилия, Қытай, Ресей, Нидерланды, Австрия, Аргентина, Венгрия, Румыния, Моңғолия, АҚШ және басқа да мемлекеттердің тұрғындары жарысты тамашалай алады. Қазақстан аумағында жарысты көрсету құқығына «Қазспорт» телеарнасы ие. Ел жанкүйерлері аталмыш арна арқылы додалы жарысты тікелей эфирде тамашалай алады.

Қазақстаның намысын ұлттық құраманың бірінші нөмірлі спортшылары қорғайтын болады. Олардың қатарында, әлем чемпионы Максим Раков (Роттердам, 2009 жыл), әлем чемпионатының күміс жүлдегері Азамат Мұқанов (Рио — де — Жанейро, 2011 жыл), Азия ойындарының чемпионы Елдос Сметов (Инчхон, 2014 жыл), Олимпиада ойындарына қатысқан Александра Подрядова (Лондон, 2012 жыл), Олимпиада ойындарына қатысқан Гүлжан Исанова (Бейжің, 2008 жыл және Лондон, 2012 жыл) және т. б. спортшылар.

Жарысты ұйымдастырушылар — Халықаралық дзюдо федерациясы, Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, Қазақстан Республикасының Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы мен дзюдо федерациясы. Жарыстың бас демеушілері: "Самұрық – Қазына" ҰӘҚ" АҚ және "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Челябі (Ресей) қаласында өткен әлем брінішілігінде Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер халықаралық ұйымның туын Қазақстан дзюдо фдерациясының Президенті Кеңес Рақышевқа табыс етті.
 


Тегтер:

Астана дзюдо

Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!