Астанада асау үйрету мен теңге ілуден жарыс өтеді

Фотография - Астанада асау үйрету мен теңге ілуден жарыс өтеді

Тамыз айының 30 күні Астана қаласындағы "Қазанат" ипподромында ҚР Конституциясының мен Қазақстан халықтары Ассамблеясының 20 жылдығына орай қазақтың ұлттық спорт түрі Теңге ілуден І ашық Азия чемпионаты және Асау үйретуден бірінші республикалық турнир өтеді

1347 0

Тамыз айының 30 күні Астана қаласындағы "Қазанат" ипподромында ҚР Конституциясының мен Қазақстан халықтары Ассамблеясының 20 жылдығына орай қазақтың ұлттық спорт түрі Теңге ілуден І ашық Азия чемпионаты және Асау үйретуден бірінші республикалық турнир өтеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының баспасөз қызметінен хабарлады.  

ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақ жерінде тұңғыш рет өткелі отырған дүбірлі додаға Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Қырғызстан, Түркия, Венгрия, Әзербайжан республикаларының спортшылары қатысады. 
Теңге ілу – халқымыздың көнеден келе жатқан ұлттық спорт түрі. Теңге ілудің маңызына тоқталар болсақ, ата-бабаларымыз ел қорғайтын сарбаздардың әскери-жауынгерлік даярлығын жетілдіру үшін бейбіт күндері, яғни, ойын-тойларда теңге ілу сайысын өткізетін болған. Бұл спорттың аты айтып тұрғандай, сарбаздарды ынталандыру үшін жерге бағалы алтын-күміс теңгені орналастырып, осы жүлдені жігіттер ат үстінен іліп алған. Өйткені, бейбіт заманда әскери машығын жоғалтпас үшін сарбаздар арасында осындай сайыс түрлері ұйымдастырылған. Ат үстінен еңкейіп теңге ілуді меңгерген жауынгер соғыс кезінде, жерде жатқан жебелерді немесе қолынан сусып түскен қару-жарағын ілезде іліп алып, шайқасты жалғастыратын болған. 
Теңге ілу чемпионаты барысында халқымыздың тағы бір дәстүрлі өнері Асау үйретуден бірінші республикалық турнир өтеді. Бұл жарысқа еліміздің әр аймақтарынан таңдалған асау үйретуші спортшылар қатысады.
Асау үйрету – жігітті шынықтырып, жігер беретін, қайсарлыққа тәрбиелейтін спорттың күрделі түрі. Бұл өнердің көнеден келе жатқан маңызына назар аударсақ, асау үйрету – уақыт және жер таңдамайтын, ортақ қағидасы жоқ, кең далада жүргізілген. Асау үйретуші – тақымы берік, ат үсті қимыл-қозғалысын толық меңгерген, әрі тулаған асау жылқының мөңку барысындағы ебедейсіз қозғалысына өзін тез бейімдей алатын қырағы, жүректі болуы керек. Үйретілген асауды халқымыз мініс көлігі, сондай-ақ, әртүрлі тұрмыстық қажеттілікті өтеуге пайдаланатындықтан, бұл істің көшпенділер үшін әлеуметтік-шаруашылық маңызы да зор. Осы орайда, тұңғыш рет өткізіліп отырған аталмыш сайыс түрі қазіргі таңда спорттық сипат алып, бекітілген ереже бойынша жүргізілуде. 
Аталмыш чемпионаттың ашылу салтанатына "Нұр Отан" партиясының, Мәдениет және спорт министрлігінің лауазымды тұлғалары, "Самұрық - Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорының басшылары, Астана қаласы әкімдігі және Қазақстан халықтары ассамблеясының өкілдері қатысады деп күтілуде.


Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!