"Барыс" азулы ЦСКА-ға овертайм арқылы есе жіберді

Фотография - "Барыс" азулы ЦСКА-ға овертайм арқылы есе жіберді

359 0

Өткен түнде Құрлықтық хоккей лигасы шеңберінде Астананың "Барысы" Мәскеуде жергілікті ЦСКА-мен сынға түсіп, овертаймда 3:4 есебімен есе жіберді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Ойын аса тартысты өтті. Астаналықтар ҚХЛ-дың басты фавориттерінің бірі, бүгінде Батыс конференциясында көш бастап келе жатқан ЦСКА-ға қарсы лайықты ойын өрнегін көрсете білді. Тіпті 6-минутта ойыншы басымдығын жүзеге асырған "Барыс" хоккейшілері Найджел Доустың соққысымен есеп ашты. Алайда олар бұл басымдықты 3 минут қана ұстап тұра алды. Кезекті шабуылдардың бірінде ЦСКА-ның ойыншысы Сергей Андронов таразы басын теңестіріп кетті.
Дегенмен, "Барыс" үзіліске дейін қарсыластар қақпасына тағы бір шайба енгізіп, есептегі басымдыққа ие болды. Ойынның 14-минутында мергендігімен көзге түскен Майк Ландин екенін айта кетейік.
Екінші кезең айдын иелерінің жойқын шабуылдарымен басталды. Кездесудің 22-минутында тәртіп бұзған "Барыстың" ойыншысы Константин Пушкарев айдыннан қуылды. Бұл мүмкіндікті мүлт жібермеген мәскеуліктер 24-минутта Никита Зайцевтің көмегімен екінші рет есепті теңестірді. Арада 2 минутқа жетер-жетпес уақыт өткенде Ян Муршак ЦСКА-ның үшінші шайбасын соғып, есепте алға шықты. Бұл көрсеткіш екінші үзіліске дейін өзгерген жоқ.
Үшінші кезеңде қонақтардың белсенділігі байқалды. 51-минутта Найджел Доус дубльдің авторы атанып, таразы басын теңестірді. Негізгі уақыттың соңына дейін осы есеп сақталып, жеңімпаз овертайм арқылы анықталды. Бұл сында ЦСКА-ның басты жұлдыздарының бірі Александр Радулов командасының жеңіс шайбасын соғып кетті.
Осылайша "Барыс" азулы қарсыластан бір ұпай еншіледі. Бүгінде 16 ойыннан 19 ұпай жиған команда Шығыс конференциясында 10-орында келеді. Евгений Корешковтың шәкірттері келесі кездесулерін 3 қазанда Нижний Новгородта жергілікті "Торпедомен" өткізеді.



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!