Қызылордалық Мағжан Шамшадин әлем чемпионы атанды

Фотография - Қызылордалық Мағжан Шамшадин әлем чемпионы атанды

Байрақты бәсекеге 85 елден 560 спортшы қатысуда

1431 0

Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Әбу-Дабиде өтіп жатқан дзюдодан жастар арасындағы Әлем чемпионатында жерлесіміз Мағжан Шамшадин елінің көк туын көкте желбіретіп, әнұранын шырқатты, деп хабарлады облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен.

55 келі салмақ дәрежесінде өзбекстандық Достон Рузиевті, армениялық Ваган Ховсепянды, әзербайжандық Натиг Гурбанлиді, жартылай финалдық кездесуде грузиялық Ираклий Купанадзені ұтты. Ал финалда Оңтүстік Корея елінің спортшысы Ха Рим Лимен кездесіп, таза жеңіске жетті. Мағжан осы жарыстан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады.

Байрақты бәсекеге 85 елден 560 спортшы қатысуда.

Айта кетейік, Мағжан Шамшадин Қазақстаннан шыққан жастар арасындағы екінші Әлем чемпионы. Оған дейін Елдос Сметов 2010 жылы дәл осы салмақта (55 келі) жеңіске жеткен еді.

М.Шамшадин 1997 жылы 25 ақпанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ж.Баһадүр атындағы облыстық спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатты бітірді. Қазіргі таңда М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжде 2 курста оқиды.

Ол бұған дейін 2014 жылы жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионатының күміс жүлдесін иеленсе, сол жылы Қытайдың Гонконг қаласында өткен Азия чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді. Биыл Атырауда жастар арасында өткен Қазақстан чемпионатында бірінші орынды иеленді.

Облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінде тәлім алатын Мағжанның бапкері - дзюдодан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қален Қалиұлы.



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!