Қазақстан Рио Олимпиадасының кемінде 110 лицензиясын ұтып алуға үмітті

Фотография - Қазақстан Рио Олимпиадасының кемінде 110 лицензиясын ұтып алуға үмітті

Риода өтетін жазғы Олимпиадаға қатысатын спортшыларымызды дайындау және ұйымдастыру шаралары атқарылып жатыр

263 0

Қазақстан Рио Олимпиадасының кемінде 110 лицензиясын ұтып алуға үмітті. Бұл туралы бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан Олимпиада комитетінің бірлескен кеңейтілген жиналысында Спорт және дене шынықтыру iстерi комитетiнiң төрағасы Елсияр Қанағатов мәлім етті.

"Спорттық жеңіс нәтижелерімен халықаралық аренада мемлекетіміздің ұлттық мерейін көрсететін 31-ші жазғы Олимпиада ойындарына 268 күн, 15-ші Паралимпиада ойындарына 101 күн қалса, жасөспірімдер арасындағы 2-ші қысқы Олимпиада ойындарына тек  93 күн қалды. Осы алдымызда тұрған үш халықаралық маңызды жарысқа дайындық жайында баяндауға рұқсат етіңіздер", - деді ол.

Комитет басшысының айтуынша, Риода өтетін жазғы Олимпиадаға қатысатын спортшыларымызды дайындау және ұйымдастыру шаралары атқарылып жатыр. Қазіргі уақытта алдағы Олимпиада ойындарына жоспарланған жолдамаларды жеңіп алу үшін Қазақстан құрама командаларының зор жеңіске жетуі үшін барлық жағдай жасалуда.

"Біздің алдымызда жауапты сын, зор міндеттер тұр. Сондықтан қалған уақытымызда қолға алынбай жатқан қосымша іс-шараларды дұрыс жүйеге қойып, кейбір бар кемшіліктерді жойып, дайындық жұмыстарына белсенді қатысуға шақырамын. Алдағы Олимпиада ойындарында спорттың 42 түрінен 306 медальдар жиынтығы сарапқа салынады", - деп атап өтті Е.Қанағатов.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанның Олимпиада командасы сапына қосылуға үміткерлер тізіміне 500-ден астам спортшы, 93 жаттықтырушы енгізілген. 

"Бізді құрама команда сапына қосылуға үміткерлердің арасындағы бәсекелестің өткен Бейжің мен Лондон олимпиадалық циклі кезеңіне қарағанда еселеп өскені қуантады. Кемінде 25 спорт түрінен жоқ дегенде 110 олимпиадалық лицензия ұтып алу жоспарланып отыр. Лондонда спорттың 25 түрінен 105 лицензия болған еді",-  деді комитет басшысы.


ҚазАқпарат



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!