Станимир Стоилов "Астана" клубында қалатын болды

Фотография - Станимир Стоилов "Астана" клубында қалатын болды

Стоиловтың"Астана" клубымен келісімшарты аяқталған. Бапкерге Қытай чемпионы "Гуанчжоу" командасының басшылығы ұсыныс жасаған.

199 0

"Астана" футбол клубының бас бапкері Станимир Стоилов 25 қараша күні "Астана Арена" стадионында өткен ойыннан кейін болгариялық bTV Action телеарнасына берген сұхбатында өз жерлестеріне келесі маусымда Қазақстанда қызмет ететінін мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz.

Бұған дейін Стойловтың "Астана" клубымен келісімшарты аяқталып, Қытай чемпионы "Гуанчжоу" командасының басшылығы бапкерге ұсыныс жасағанын хабарлаған болатынбыз. Алайда, болгариялық маман бұл ұсынысты қабылдамаған сыңайлы.

"Ия, маған қытайлық клубтан ұсыныс түскені менеджерлерім айтқан болатын. Алайда, мен "Астанада" қалатын шығармын. Бұйыртса, біз келер жылы тағы да Чемпиондар Лигасында сынға түсеміз. Еуропа кубоктарында бірде-бір рет жеңіп көрмеген, тіпті, бір доп салмаған клубты аяққа тұрғызып, Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне дейін жеткізген команданы қиып тастап кете алмайды екенсің. Бұл командаға деген мойнымда бір жауапкершіліктің барын сезініп отырмын. Алдағы маусымда "Астанада" қалу үшін келісімшартты ұзартуды жоспарлап отырмын, клуб басшылығы көңілімді қалдырмас деп сенемін", - деп ойын ашық айтты С.Стойлов.

Бапкердің "көңілімді қалдырмас" деген сөзі – қаржылай тұрғыдан жақсы ұсыныс жасайтынына үмітті екенінен хабар бергені болар деп топшыладық.

"Спорт болған соң бірде ұтасың, бірде ұтыласың. Ал енді адамгершілік тұрғысынан қарайтын болсақ, өз командаң жетістікке жеткен уақытта да, жеңілген уақытта да футболшылардың жанынан табылу маңызды. Мен алғашқы орынға ешуақытта қаражат мәселесін қойған емеспін. Бастысы, өзің жаттықтырған команданың әлемдік додаларға түсіп, топ жарғаны", - дейді бапкер.

Дей тұрғанмен, кез келген маман бірінші кезекте өз қамын күйттейтінін, отбасының жағдайын түзеуге тырысатынын ескерсек, қытайлық клуб ұсынған бақандай 5 млн еуроның Станимирдің тақиясына тар келмесі анық. Ендігі жерде оның Қазақстанда қызмет етіп-етпеуі елордалық клуб басшылығының жауабына тікелей байланысты болмақ.




Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!