Чемпиондар лигасы "Барселона" сырт алаңда "Арсеналды" жеңді

Фотография - Чемпиондар лигасы "Барселона" сырт алаңда "Арсеналды" жеңді

"Арсенал" (Лондон, Англия) – "Барселона" (Барселона, Испания) 0:2

328 0

 УЕФА Чемпиондар лигасының 1/8 финалы шеңберінде екі ойын ойналды. Атап айтқанда, "Арсенал" өз алаңында "Барселонадан" 0:2 есебімен жеңілсе, "Ювентус" пен "Бавария" 2:2 есебімен тең түсті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.

"Арсенал" (Лондон, Англия) – "Барселона" (Барселона, Испания) 0:2

Голдар: Лионель Месси 71, 83 (пенальти).

Лондонда өткен "Арсенал" – "Барселона" кездесуінде Испаниядан келген команда айқын басымдық танытты. Статистикалық көрсеткіштерге көз жүгіртер болсақ, қақпаға жасалған соққылар бойынша каталониялықтар Петр Чехтің иелігін 11 рет нысанаға алса, алаң иелері 4 соққымен ғана қарымта қайтарды. Сондай-ақ, ойын барысында допқа иелік ету көрсеткішінен де "Барселона" басым түсті (66% – 34%).

Бұл басымдық өз нәтижесін беріп, қонақтар Месси соққан екі голдың арқасында жеңіске жетті. Әлемнің ең үздік ойыншысы алдымен 71-минутта мергендігімен көзге түссе, 83-минутта пенальтиден гол соғып, дубльдің авторы атанды.

Қарымта кездесу 16 наурызда Барселонада өтеді.


"Ювентус" ( Турин, Италия) – "Бавария" (Мюнхен, Германия) 2:2

Голдар: Пауло Дибала 63, Стефано Стураро 76 – Томас Мюллер 43, Арьен Роббен 55.

"Ювентус" пен "Бавария" арасындағы матч та аса тартысты өтті. Мюнхендіктер бірінші таймның соңында, яғни 43-минутта Томас Мюллердің көмегімен есеп ашқан болатын. Ал екінші таймда, нақты айтсақ, 55-минутта Арьен Роббен есепті еселеді.

Өз жанкүйерлері алдында намысқа тырысқан туриндіктер ойын соңына дейін таразы басын теңестіріп үлгерді. Алдымен 63-минутта Дибала есеп айырмасын қысқартса, 76-минутта Стефано Стураро командасының екінші голын соқты. Қалған уақытта таблодағы есеп өзгермей, ойын тең аяқталды.

Бұл командалардың қарымта кездесулері 16 наурызда Мюнхенде өтеді.


egemen.kz



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!