"Барселона" мен "Бавария" ширек финалға шықты

Фотография - "Барселона" мен "Бавария" ширек финалға шықты

Бұл қос командамен ширек финалға шыққан барлық командалар белгілі болды

224 0

Сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні УЕФА Чемпиондар лигасының ширек финалына шыққан тағы екі команда анықталды. Қарымта кездесуде өз алаңдарында жеңіске жеткен Испанияның "Барселонасы" мен Германияның "Бавария" командалары жарыстың келесі кезеңіне өтті. Бұл туралы egemen.kz  хабарлады.

"Барселона" (Барселона, Испания) – "Арсенал" (Лондон, Англия) 3:1 (2:0)

Голдар: Неймар 18, Суарес 65, Месси 88 – Эль-Нени 51.

Алаң иелері алғашқы ойында қажетті нәтижеге қол жеткізгенімен, бұл кездесуде де барын салды. Кезекті шабуылдардың бірінде Неймардың көмегімен испаниялық клуб алғаш болып есеп ашты. "Арсенал" командасының ойыншылары қанша тырысса да, алғашқы 45 минутта қарымта гол соға алмады.

Ал матчтың екінші жартысында қонақтар сапынан Эль-Нени таразы басын теңестіріп, жанкүйерлеріне үміт сыйлаған еді. Дегенмен, араға көп уақыт салмай, "Барселонаның" орталық шабуылшысы Луис Суарес мергендігімен көзге түсіп, командасын алға шығарды. Ойынның аяқталар тұсында Лионель Месси үшінші голды соғып, кездесудің нүктесін қойды.


"Бавария" (Мюнхен, Германия) – "Ювентус" (Турин, Италия) 4:2 (2:2)

Голдар: Левандовски 73, Мюллер 90+1, Алькантара 108, Коман 110 – Погба 5, Куадрадо 28

Мюнхендегі "Альянц Арена" стадионында жанкүйерлер нағыз тартысты бәсекені тамашалады. "Ювентус" командасы ойын бастала сала, жүйелі ойнап, шабуылға қатты мән берді. Осындай шабуылдардың соңы Поль Погба мен Куадрадоның гол соғуымен аяқталды. "Бавария" қарсыластарынан мұндай ойынды күтпеген болса керек, қанша қарымта шабуылдар ұйымдастырса да, бірінші таймда гол соға алмады.

Ал екінші тайм алаң иелері үшін сәтті аяқталды. Алдымен шабуыл шебінде өнер көрсететін  Роберт Левандовски есепті қысқартса, кездесудің соңғы минуттарында Томас Мюллер таразы басын теңестіріп, қосымша екі тайм ойнау мүмкіндігіне қол жеткізді. Матчтың негізгі уақытында Италия командасы фаворит болып көрінгенімен, овертайм сәтсіз аяқталды. Шаршаңқырап қалған "Ювентуске" неміс командасының ойыншылары екі бірдей гол соғып, ширек финалдың жолдамасын иемденді.



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!