Головкин жайлы 34 дерек

Фотография - Головкин жайлы 34 дерек

Қазақстанның бірінші боксшысы Геннадий Головкин бүгін 34 жасқа толып отыр.

299 0

Кәсіпқой карьерасында қарсыластарына бірде-бір рет есе жіберіп көрмеген Қазақстанның танымал боксшысы Геннадий Головкин бүгін 34 жасқа толып отыр. Осыған орай, даңқты боксшы туралы 34 деректі назарлаңызға ұсынып отырмыз.

1. Геннадий Головкин 1982 жылы 8 сәуірде Қарағандыда туған. Әкесі, Геннадий Головкин, Қазақстанға еңбегі сіңген кенші. Ол 2014 жылдың ақпанында дүние салған. Ал анасы Елизавета Сергеевна химия зертханасында зертханашы болып еңбек еткен.

2. Геннадий – егіздің сыңары. Ол ағасы Максим екеуі отбасының кенже балалары. Олардың үлкен ағалары, Вадим мен Сергей, екеуі 1990 және 1994 жылдары әскерде қаза тапқан. Олардың неден көз жұмғаны әлі белгісіз. "Бұл өте қиын болды. Осы оқиға біздің отбасы үшін үлкен қайғы", - дейді Головкин 2013 жылы Sport Illustrated басылымына берген сұхбатында.

3. Оның боксқа қызығушылығын оятқан ағалары болатын. Олар егіздерді бокс секциясына жаздырған. Алайда, сол кезден-ақ оның бойында баскетбол және футбол ойындарына да икемі болған.

4. Геннадий ағаларының берген ақылын жоғары бағалаған. Әсіресе, олардың "Егер де сенен біреу бір нәрсеңді тартып алмақ болса, сенде жауап беруге қорықпа" деген ақылын берік ұстанған. Ол бұл жөнінде Sport Illustrated басылымына берген сұхбатында айтқан.

5. Балалық шағы 90-жылдары Қарағанды қаласындағы ең қауіпті аудандардың бірі – Майқұдықта өтті. Бұл туралы боксшының қазіргі жаттықтырушысы Абель Санчес: "Детройдтың ең қауіпті аудандарын көз алдыңызға елестетіңізші" - дейді. Ал Геннадий Головкин бұл туралы: "Менің балалық шағымда төбелес – өмірдің бір бөлігі болды" - деп еске алады.

6. Балалық шағында Грей есімді сүйікті неміс овчаркасы болған.

7. Боксшының ағасы Максим жастар арасында болашағынан үміт күттірер боксшылардың бірі болды. Ол бокстан ҚР чемпионы. Максимнің Афина Олимпиадасына баруға да мүмкіндігі болған. Бірақ, ол Геннадимен бір рингте төбелесуден бас тартқан.

8. Қарағандының шалғай ауданында орналасқан №65 орта мектепте оқыды. Бір айта кетерлігі, боксшы орта мектепте биомедицина бағытындағы сыныпта білім алды.

9. Әуесқой бокста 350 кездесу өткізіп, 345 рет жеңіске жеткен. Боксшы бірде-бір рет нокаутқа түспеген.

10. Афина Олимпиадасында 69 келіге дейінгі салмақта шығуы керек болған. Алайда, ол өз орнын Бахтияр Артаевқа беріп, өзі ауыр салмаққа ауысты. Нәтижесінде қазақтан шыққан олимпиада чемпиондарының саны біреуге артты. Ал Геннадий финалда ресейлік боксшы Гайдарбек Гайдарбековпен күш сынасып, төрешілердің шешімімен Ресей боксшысы жеңіске жетті. Алайда, жанкүйерлер бүгінге дейін Головкиннің бұл жеңілісіне күдікпен қарайды.

11. 2005 жылы әуесқой бокстан кетті. Оған себеп – мысырлық боксшы Мұхаммед Хикаладан жеңілуі болды. Бұл жекпе-жекте төрешілердің мысырлыққа қарай бүйрегі бұрып, әділетсіз шешім шығарды. Бұл жөнінде ол Sport Illustrated басылымына берген сұхбатында айтты. Тіпті, оның қарсыластарының өзі төрешінің шешіміне наразылық білдіріп, Головкинге қолдау көрсеткен. «Сол әлем чемпионатында әділетсіз жеңіске жеткен боксшылар көп болды. Бұл дұрыс емес», - дейді отандасымыз.

12. Тағы бір фактор – қолдаудың болмауы. "Командам мені қолдаған жоқ. Сол уақытта мен Universum-мен бірнеше ай бойы келіссөздер жүргіздім. Кейін нақты шешім қабылдап, келісімшартқа қол қойдым. Мен өз шешімімді командадағы әріптестеріме айтып, кәсіпқой боксқа кеттім", - дейді Г.Головкин.

13. Суреттегі боксшының есімі Болаг. Қазір ол 41 жаста. Болаг кәсіпқой бокста 1998 жылдан 2014 жылға дейін өнер көрсеткен. Ол 120 кездесу өткізіп, 112 рет жеңіліске (40 нокаут) ұшыраған. Боксшы өз карьерасында 5 рет тең түсіп, 3 рет жеңіскен жеткен Тіпті, бір рет қарсыласын нокаутқа жіберген. Айтпағымыз ол емес. 2006 жылы ол кәсіпқой бокста Головкиннің бірінші қарсыласы болды. Болаг кездесуде алған нокаутынан жарты жыл емделген. Ол бокста айтарлықтай табысқа жетпесе де, өз өміріне риза.

14. Кәсіпқой бокста 34 кездесу өткізіп, 34 рет жеңіске жеткен (31 нокаут).

15. Жекпе-жектері әлемнің 7 елінде өткен: Германия, Дания, Панама, Украина, АҚШ, Монако және Қазақстан.

16. Жоғарыда аталған жекпе-жектерде 18 елдің боксшыларымен шаршы алаңда кездескен. Қарсыластарының басым бөлігі АҚШ-тан (6) және Беларуссиядан (3).

17. Өз карьерасындағы ең көп кездесуін 2006 жылы (6), ал ең аз кездесуін 2010 жылы (2) өткізген. Атап өтерлік бір жай, бұл жекпе-жектердегі қарсыластары Колумбиядан болған.

Оның ауыр соққысынан боксшы Хорхе Ариэль Гарсия ұзақ емделген. Ол 2006 жылдың қазан айында тұңғыш рет Генадан жеңілді. Келесі жекпе-жегін Гарсия бес жыл өткеннен кейін, яғни, 2011 жылдың қарашасында өткізген. Осы жылдар аралығында аргентиналық боксшының денсаулығына байланысты лицензия алуында қиындықтар туындаған. Осыған дейін Гарсияның барлық жекпе-жегі өз елінде өтсе, Головкинмен кездесуді бірінші рет туған жерінен жырақта өткізді.

Екінші рекордшы – ресейлік Михаил Макаров. Головкинмен кездескенге дейін ол 10 рет жеңіске жетіп, жеңілістің дәмін татып көрмеген болатын. 2-раундта алған нокауттан боксшының карьерасы құрдымға кетті. Макаров шаршы алаңға 3,5 жылдан соң ғана оралды. Алайда, 4 рет жеңіске жетіп, 2014 жылы бокстағы карьерасын аяқтады.

18. 2010 жылы немістің Universum промоутерлік компаниясына қарсы сотта жеңіске жетіп, АҚШ-қа көшеді. Кейін бұл компания саудаға шығарылады.

19. Абель Санческе бармас бұрын екі ай Фредди Роучтың залында жаттығады.

"Big Bear залына дейін бірнеше залда жаттықты. Ол Фредди залында 2 ай болды. Кейін ол жақтан кетті. Себебі, ұжымдағы бей-берекетсіздіктен (хостан ) шаршады. Фредди – мықты бапкер, бірақ, сіз оған ұнамасаңыз қиын", - дейді Абель Санчес.

20. Бапкері Абель Санчес туралы да айта кетейік. Қазақстандық жанкүйерлер оны "Әбеке" деп атайды. 2007 жылы ол бокстан біржола кетуге бел байлайды. Сол уақытта ол бокс саласында емес, өз бизнесінде жұмыс істеген. Санчес өз үйін сатуға шешім қабылдайды. Алайда, үйі өтпеген соң уақытын бос өткізбес үшін гаражды қайта жабдықтап, жаттығу залына айналдырады. Қазір бұл орын Big Bear залының құрамына кіреді.

21. 2013 жылы Віg Bear залында ешқайда шықпастан 10 ай тұрды. "Маған оның өз ұлы мен әйелін өте сирек көретіні аянышты көрінді. Бірақ, бұл жұмыс пен карьера үшін жасалған құрбандық", - дейді Санчес.

22. Big Bear залында қарапайым бөлмеде тұрады. Базаның бір ерекшелігі ол таулы жерде онраналсқан. Бұл спортшы үшін өте маңызды.

23. Big Bear залындағы жаттығу кезінде Сауль Альваресті, Сергей Ковалевті жеңген. Осыдан кейін ресейлік спортшы жанжал шығарады.

"Головкин жаттығу кезінде барлық спарринг серіктесінен басым түсті. Қарсыластардың қатарында Ковалев пен Альварес те бар. GGG қарсыластарын қамырша иледі", - дейді Санчес 2015 жылдың шілдесінде берген сұхбатында.

Көп кешікпей, Ковалев бұған қатысты өз пікірін былай білдіреді: "Головкиннің бапкері мүлде кәсіби маман емес. Ол бокстың не екенін де түсінбейді. Күнде бір сарында жаттықтырады, менің өз жаттығуыма жаңашылдық енгізгенімді де ұнатпады. Сондықтан мен бұл лагерьден кетуді жөн санадым".

24. 2014 жылы Нью-Йорк қаласындағы Бродвей көшесінде түсірілген "Рокки" мюзиклінде ойнады. Сонымен қатар, чемпионның жарнамаға түсуде де тәжірибесі бар.

25. Екінші жақсы көретін спорт түрі футбол. Ол балалық шағында боксшы, футболшы, өрт сөндіруші болуды армандаған. Тіпті, ол балалар командасында шабуылшы болған. Әрі көп гол салған. Сондай-ақ, "Шахтер" стадионындағы секцияға қатысқан.

26. Сүйікті футбол командасы – мадридтік "Реал". Ал футболшысы – Криштиану Роналду.

27. Қазақстандық футбол клубтарының матчтарында көзге түсті. "Астана", "Қайрат", және "Шахтер" сынды командалардың жанкүйкері болған. Биыл Англияның премьер-лигасында өнер көрсететін "Вест Хэм" командасының арнайы қонағы болды.

28. Твиттерде – 179 000, Facebook-те – 212 000, ал Instagram-да – 650 000 жазылушысы бар.

29. 2014 жылы GGG сауда белгісін патенттеді.

30. Діни сенімі – православ.

31. Аптасына 3 рет жаттығады. Оның бірінші жаттығуы таңғы 7-де басталады.

32. Daily Mail басылымына берген сұхбатында Абель Санчес Головкиннің диета сақтамайтындығын, бірақ, оның тамақ мәзіріне қант, май және газдалған сусындардың кірмейтіндігін айтқан. Өз кезегінде спортшы етті және теңіз өнімдерінен жасалған тағамдарды жақсы көретінін айтқан.

33. Жұбайы – Алина Головкина. Алинаның екі жоғары білімі бар, екі тілді меңгерген. Ол Германияда оқыған. Алина үшін ең маңыздысы – оның отбасы. Геннадий мен Алина 2007 жылы 7 шілдеде отау құрды.

34. 2009 жылы ұлды болды. Оған қайғылы жағдайда қаза тапқан үлкен ағасы Вадимнің есімі берілді. Геннадий өз баласының боксшы болғанын қаламайды.

bnews.kz



Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!