Шахматтан Қазақстан біріншілігінің финалы 2-13 мамыр аралығында өтеді

Фотография - Шахматтан Қазақстан біріншілігінің финалы 2-13 мамыр аралығында өтеді

Қазақстан Чемпионатының ақтық ойыны өтеді. Біріншілікке алдыңғы кезеңдерде жеңіске жеткен 22 спортшы қатысады.

178 0

2-13 мамыр аралығында Алматы қаласында әйелдер мен ерлер арасында шахматтан Қазақстан Чемпионатының ақтық ойыны өтеді. Біріншілікке алдыңғы кезеңдерде жеңіске жеткен 22 спортшы қатысады. Чемпионаттың ақтық ойыны дөңгелек жүйе бойынша әйелдер арасында тоғыз, ерлер арасында он бір турдан халықаралық рейтингті есепке ала отырып өткізіледі. Бірінші және екінші орынды иеленген жеңімпаздар осы күзде Баку қаласында (Әзірбайжан) өтетін Дүниежүзілік шахмат олимпиадасына ұлттық құрама қатарында қатысу құқығына ие болады, деп хабарлайды BNews.kz.

Республикалық Чемпионатқа Қостанай, Орал, Шымкент, Ақтөбе, Алматы және Астана қалаларының шахматшылары қатыспақшы. Ерлер арасындағы жеңіске үміткерлердің қатарында – Ринат Жұмабаев, Мұртас Қажығалиев және Рустам Хуснутдинов, әйелдер арасында – Жансая Әбдімәлік, Мадина Дәулетбаева және Гүлмира Дәулетова бар.

Турнирдің жалпы жүлде қоры – 2 млн 700 мың тенге. Чемпионаттың басты ерекшелігі – барлық ойындар интернетте тікелей көрсетіледі. Қазақстан шахмат федерациясының президенті Ғалымжан Есенов осыған қатысты келесідей түсініктеме берді.

"Қазақстанда бүгінге дейін өткен халықаралық турнирлердің партиялары ғана тікелей көрсетілген еді. Жақында біз қажетті жабдықтарды, яғни, электронды тақталар мен Swiss Manager деп аталатын жеребеге арналған бағдарламаны сатып алдық. Бұл бағдарлама әлемдегі жетекші шахмат турнирлерінде пайдаланылады. Қазақстан Чемпионатының ақтық ойындарының тікелей таратылымын тексеруді жоспарлап отырмыз. Одан кейін Еуразия Кубогының ойындарын маусым айында дәл осы жолмен онлайн көрсетеміз. Мен еліміздің барлық өңірінен жиналған қатысушыларға сәттілік, қызықты ойындар және жеңіс тілеймін", - дейді Ғ.Есенов.

Жарыстар Қазақстан Шахмат Федерациясының ұйымдастыруымен және Академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми-білім беру қорының қолдауымен өткізіледі. Чемпионаттың ақтық ойынының марапаттау салтанатына Қазақстан Шахмат Федерациясының Президенті қатысады. Федерация президенті наурыз айында Абу-Даби қаласында өткен Азия Ұлттары Кубогының командалық чемпионатында жеңіске жетіп қола медальді иеленген Ұлттық құраманың 12 шахматшысы мен жаттықтырушыларын ақшалай сыйлықтармен марапаттайды.




Загрузка...

Пікір (0)

Input is not a number!
Input is not a email!
Input is not a number!